Қазақстанда шенеуніктердің нақты табысын қалай білуге болады
Қазақстанда жұмыс істеп жүрген саяси қызметкерлердің нақты табысы жайлы мәлімет кез келген азамат үшін қолжетімді болады. Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов шенеуніктердің табысын қалай білуге болатынын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ержан Біржанов өз сөзінде жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі табыс декларациясына байланысты арнайы бұйрық қабылдайтынын ерекше атап өтті.
«Бізде заңға байланысты декларацияны 15 қыркүйекке дейін тапсырып, 31 желтоқсанға дейін халыққа жария етуі тиіс. Мемлекеттік органның кадр қызметшілері өздерінің сайттарына жариялайды. Қазіргі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қаңтар айының аяғына дейін қандай деректер болуы керектігі жөнінде бұйрықты қабылдайды. Осыдан кейін барлық мемлекеттік қызметшілер 15 қыркүйекке дейін күтіп отырмай, оған дейін тапсырып қояды», — дейді Ержан Біржанов.
Қаржы вице-министрі сөзін жалғай отырып, әрбір шенеунік табыс декларациясын тапсырғанның күннің ертеңінде ресми сайттарына жарияланатынын айтты.
«15 қыркүйекке дейін көбі созбайды. Мемлекеттік қызметші тапсырған күннің ертеңінде ресми органның сайтына жариялайды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қабылдаған бұйрықтан кейін барлық саяси қызметкер және А корпусындағы қызметкерлер қабылданған бұйрық бойынша мәліметтерді орналастырады», — деді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.