Қазақстанда қайтыс болған адамның салығын кім төлейді
Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті қайтыс болған адамның атында болған көліктің салығын кім төлейтінін түсіндіріп берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, ведомствоның байланыс орталығына күн сайын жүздеген қоңырау түседі екен. Салықшылар барлық сұраққа жан-жақты жауап беріп отырады. Осы жолы «Апта сауалы» айдарындағы ең жиі қойылған сұраққа жауап жарияланды.
“Мен автокөлікті өз атыма аударайын дегенмін, бұрынғы иесі қайтыс болған. Бірақ көлік салығы бойынша берешектері бар болып шықты. Көлік салығы бойынша қарызы мен өсімпұлды кім және қалай төлеуі керек?, – деген сауал қойылған.
Заңға сәйкес, салық берешегін мұрагер мұрагерлік мүліктің құны шегінде және оны алған күнгі мұрадағы үлеске сәйкес төлейді.
«Жеке тұлға қайтыс болған күні немесе оны соттың шешімі негізінде қайтыс болды деп жарияланған күні пайда болған салық берешегі төленеді. Бұл жағдайда өсімпұлды есептеу жеке тұлғаның қайтыс болған күніне дейін жүргізіледі», — дейді кірістер комитетінен.