Госорганы

Қазақстанда полицейлер саны 100 мың тұрғынға шаққанда 471-ден 372-ге азайды — ІММ

Финляндия Парламенті парламентаралық тобының делегациясы Қазақстанға сапары барысында ІІМ басшылығымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері Қазақстан мен Финляндия арасындағы ынтымақтастық өзара түсіністік, сенім және достық атмосферасында дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, ІІМ басшылығы шетелдік делегацияны ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі бағдарламаның іске асырылу барысымен таныстырды.

«Құрылым оңтайландырылды, қызметкерлер саны қысқарды. Артық басқару буындары мен басшылық лауазымдар жойылды. Нәтижесінде 100 мың тұрғынға шаққанда полицейлер саны 471-ден 372-ге дейін азайды. Полиция қызметін бағалау жүйесі қайта қаралды. Азаматтардың қауіпсіздігі мен халықтың сенім деңгейі негізгі критерий ретінде айқындалды», — деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.

Ол, сондай-ақ министрлікті қайта құрудың мақсаты – бюрократиялықтан адамға бағытталған жұмыс моделіне көшу екенін атап өтті. Оның айтуынша, полиция қызметін бюрократиядан арылту бойынша шаралар қабылдануда, қызметкерлерге артық жүктеме тудыратын өзекті емес нормалар жойылады, сондай-ақ жұмыс процестерін автоматтандыру және цифрландыру, полицияға тән емес және қайталанатын функцияларды алып тастау жүзеге асырылады.

«Қызметтің барлық салаларында ғылым мен деректермен жұмыс істеудің проблемалық-бағдарланған тәсілдері енгізілуде. ЭЫДҰ елдерінің мысалында тергеу процесі жетілдірілуде. Қылмыстық сот ісін жүргізудің үш буынды моделі енгізілді: полиция материалдарды жинайды, прокурор іс жүргізу шешімдерін қабылдайды және сот үкім шығарады. «Көрсеткіштер үшін жарыс» шарттары алынып тасталады. Негізгі критерий — іс бойынша шындықты анықтау. Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне ревизия жүргізілуде, оның шеңберінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету үшін нормалар жетілдірілуде», — деді спикер.

Оның мәліметінше, шетелдік әріптестермен ынтымақтастық пен өзара байланыс негізінде қылмысқа қарсы күрес саласында өзара іс-қимыл жөніндегі 90-нан астам халықаралық шарт қолданылады.

«Бүгінгі таңда біз Германия, Франция, Қытай, АҚШ, Түркия, Италия, Чехия және ТМД елдерінің полиция ведомстволарының өкілдерімен тығыз жұмыс істейміз. Ынтымақтастық аясында біз қылмыскерлерді іздестіру бойынша ақпаратпен, қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіп-қатерлерге қарсы күресте оң тәжірибемен алмасамыз. Сонымен бірге бізді Финляндия полициясының тәжірибесі қызықтырады. Біздің әріптестерімізге Сіздің ел халқының 90% — дан астамы сенетінін білеміз. Бұл азаматтармен жұмыс жоғары кәсіби деңгейде атқарылатынын айғақтайды, — деді Қожаев.

Другие новости

Back to top button