Госорганы

Қазақстанда майнерлер салық төлеуге міндеттеледі

ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағамбетов елдегі майнинг қызметі қалай реттелетінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Майнинг қызметін жүргізетін компанияны тіркеу, майнингпен айналысатын компаниялардың тәртібі анықталды, қазір олар Цифрлық даму министрлігіне хабар береді. Олар өз компаниялары туралы, құрылтайшылар туралы, өндіріс алаңы, жұмыс істейтін майнинг фермасы туралы мәліметтерді ұсынады, сатып алынған, жеткізілген жабдықтарды көрсетеді, осы жабдықты әкелу кезінде баж салығы төленген-төленбегенін көрсетеді. Яғни, толық ақпарат беріледі және бұдан былай майнинг тек қана осылай жұмыс істейді», — деді вице-министр Мәжіліс кулуарында тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне майнингпен айналысатын компания екенін хабарлаған 50-ге жуық компания бар. Цифрлық даму министрлігінде осы компаниялар туралы және олар қанша қуат өндіруді жоспарлап отырғаны туралы толық ақпарат бар.

«Біздің ақпаратымыз бойынша, майнингпен айналысқан 150 компанияның үштен бірі қызметін тоқтатты. Қарапайым сөзбен айтқанда, майнинг өндірісі басқа елге кетті және т.б. Олардың елуге жуығы – ресми тіркелген майнинг компаниялары. Тиісінше, заңсыз майнер деп танылғандар қалады. Олардың жабдықты жеткізу, тұтыну және жұмыс істейтін орны бойынша шешілмеген мәселелері бар», — деді Ж. Нұрмағамбетов.

Айта кетейік, бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының цифрлық активтері туралы» заң мен 4 ілеспе заң жобалары мақұлданды. Заңға сәйкес, Қазақстанда майнерлер салық төлеуге міндеттеледі.

 

Другие новости

Back to top button