Экономика

Қазақстанда жылжымайтын мүлік бағасы тұрақты өсе бермек – Сарапшылар

Қазақстандық сарапшылар  артық зейнетақы жинақтарының алынуы енді жылжымайтын мүлік нарығына әсер етпейтінін айтады. Мамандар баспаналардың бағасы тұрақты өсіп отыратынын алға тартты. Сөздерінше, қазақстандықтарға тұрғын үй алу қиындамақ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро”жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

 

Қазақстандықтар емделу немесе үй сатып алу үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін әлі де ала алады. Бірақ 2021 жылы осы мақсаттарға БЖЗҚ-дан шамамен 2 триллион 460 миллиард теңге шығарылған болса, өткен жылы бұл сома 3,5 есе аз – 710 миллиард теңгені құраған. Сонымен қатар, егер бірінші тоқсанда БЖЗҚ 569 мыңнан сәл астам өтінішті орындаса, келесі тоғыз айда 46 мыңға жуық қазақстандық зейнетақы жинақтарын алып тастаған.

“Ескі бағдарламаны қайтарған дұрыс деп ойлаймын. Сонда бұрынғы шекті межеден халық та, экономика да ұтады. Осы қаражат есебінен нарық жанданып, «Отбасы банкі» салымшыларды көбірек алып, құрылыс компанияларына осы салымшылар арқылы көбірек инвестиция құйылады да біршама жұмыс орындары ашылар еді”,- деді экономист Арман Байғанов.

Базалық мөлшерлеменің көтерілуі жылжымайтын мүлік нарығына да айтарлықтай әсер етеді. Құрылыс компаниялары қарапайым халық секілді екінші деңгейлі банктерден несие алады. Бұл тұрғыда инфляция да маңызды рөл атқаруда. Мәселен құрылыс материалдары мен жұмыс күші қымбаттауда. Сондықтан сарапшылардың айтуынша, жылжымайтын мүлік бағасы да біртіндеп көтеріледі.

“Жаңадан салынған баспаналар қалай қымбаттаса, қайталама нарықтағы тұрғын үйлердің бағасы да солай өспек. Алайда бұрынғыдай тез мөлшерде емес, айына бір жарым-екі пайызға көтеріліп, жылына он-он бес пайызға дейін жетеді.

Сарапшылар соңғы бірнеше жылда елде баспана сатып алу сұранысының бірнеше есеге төмендегенін алға тартты. Бұған себеп адамдардың тапқан табысы күнделікті тұрмысқа жұмсалады, тіпті жетпей жатады. Енді қазақтар бірінші кезекте өзін және отбасын асырауды, содан кейін ғана жылжымайтын мүлік сатып алу мәселесін ойламақ.

 

Другие новости

Back to top button