Қазақстанда Италия университетінің филиалы ашылады – министр

Жетісу мемлекеттік университеті базасында италиялық жоғары оқу орнының филиалы ашылады. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгін жарияланатын ең үлкен нәтиже – биыл Жетісу мемлекеттік университетінің негізінде тұңғыш италиялық жоғары оқу орнының филиалы ашылады. Ол Анкано қаласындағы Politécnica delle Marche деп аталатын университет. Өте мықты агрономия, ауыл шаруашылығы саласындағы университет. Уақытында Италияда Parmalat деген атақты сүт шығаратын компания болған. Осы университет соның негізгі кадр даярлайтын және зерттеуші күші болатын. Биыл біз төрт бағдарламамен бастаймыз: агрономия, селекция, ауыл шаруашылығы және ең бастысы ауыл шаруашылығы өнімдердің технологиясы», — деді Саясат Нұрбек Ақорда кулуарында.
Министр Италия Еуропада да, жалпы әлем бойынша да ауыл шаруашылығы саласындағы жетекші ел екенін атап өтті.
«Сондықтан осы жылдан бастап ең мықты профессорлар Жетісуда сабақ беретін болады. Соған қосымша La Sapienza университеті ашылады. Мен 2004 жылы соны бітіргенмін және Politecnico di Milano, Миланның политехникалық университетімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қыркүйек айында Италия президентінің үлкен сапары жоспарланып отыр. Сол жерде үлкен жаңалықтарды жариялаймыз», — деп сендірді ведомство басшысы.
Бүгін Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Италия Министрлер кеңесінің төрағасы Джорджа Мелониді салтанатты түрде қарсы алды.