Госорганы

Қазақстанда есірткі өндіргендер енді өмір бойына бас бостандығынан айырылады

Парламент Мәжілісі «Кейбір заңнамалық актілерге есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Заң жобасы аясында Қылмыстық кодекске бірқатар түзету енгізу жоспарланып отыр. Ең алдымен, есірткі өндірісі мен «есірткіні жасырып кетушілерді» пайдаланып сату арасындағы жауапкершіліктің аражігі ажыратылған.

Сонымен қатар, Қылмыстық кодексте есірткі өндірісі үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру нормасын көздейтін 297-1-бап енгізіледі.

«Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, өндіру үшін жауаптылықты көздейтін ҚК-нің жеке жаңа 297-1-бабы енгізілді. Онда мүлкі тәркіленіп 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыра отыру не өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», — делінген заң жобасына берілген қорытындыда.

Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 297-бабында есірткіні сату мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу үшін 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауаптылық көзделген. Бұрын бес жылдан он жылға дейін сотталатын. Ірі мөлшерде жасалған дәл сол іс-әрекеттер үшін 6 жылдан 10 жылға дейін (бұрын 6 жылдан 12 жылға дейін болған) бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр.

Ал лауазымды адам қызмет бабын пайдаланып жасаған дәл сол іс-әрекеттер үшін 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге (бұрын 10 жылдан 15 жылға дейін болған) бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауаптылық көзделген.

Бұдан бөлек күшті әсер ететін заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік, сондай-ақ осындай қағидаларды сақтауға міндетті адамдар үшін прекурсорлармен және күшті әсер ететін заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізіледі. Есірткілерді таратқаны үшін жауаптылықты күшейту мақсатында Қылмыстық кодекстің 301-бабы мүлікті тәркілеу түріндегі санкциямен толықтырылды.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне:

  • «күшті әсер ететін заттар» ұғымын;
  • есірткі тұтынуға байланысты мәжбүрлеп емдеуден өткен адамдар емханадан шыққаннан кейін есепке тұруға және онда демеп емдеуден өтуге міндетті екенін көздейтін түзетулер қабылданды.

Мәжіліс заңды қабылдап, Сенаттың қарауына жіберді.

Другие новости

Back to top button