Социум

Қазақстанда дизель отыны тапшы: енді жанармай бағасы қымбаттай ма?

Көршілес елдер біздегі арзан бағаны пайдаланып дизель отынының көлемді қорын сатып алған

Қазақстанда күзгі егін науқаны кезінде жанармай жетіспеушілігі туындады. Негізгі себептің бірі ˗ отын тұтыну айтарлықтай өсті. Әсіресе, көршілес елдер біздегі арзан бағаны пайдаланып дизель отынының көлемді қорын сатып алған. Соның салдарынан Қазақстанда жанармай тапшылығы орын алды. Енді отандық шаруалар дизельдің литрін 450 теңгеге де сатып ала алмай отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Мұнай өнімдері бағасын көрші елдермен теңестіру керек

Экономист Жақсыбек Құлекеевтің айтуынша, Қазақстанда дизельдің бір литрі – 230-260 теңге, Арменияда – 800 теңге, ал Өзбекстан — 570 теңге, Қырғызстан — 440 теңге және Ресейде — 446 теңгеден сатылып жатар. Яғни, бізде баға екі есе арзан.

«Біздегі бағаның төмен болуын көрші елдер тиімді пайдаланып, жанар-жағармайды жаппай шекара асыртып жатыр. Салдарынан елде дефицит болды. Біздегі үш мұнай өңдейтін зауыт (МӨЗ) былтырғы жылмен салыстырғанда көбірек мұнай өндіріп жатыр. Бірақ бұл жеткіліксіз. Өйткені, шекара ашық. «Әкімшілік шешім арқылы шектеу қоямыз» деген іс жүзінде жұмыс істемейді. Адамдар сыртқа тасудың мыңдаған жолын біледі, амалын табады. Оны 100 пайыз қадағалау мүмкін емес. Сол үшін Қазақстанда мұнай өнімдері бағасын арзандатып ұстап отыру дұрыс емес. Елдегі мұнай бағасын көрші елдермен теңестіру керек. Бұл өз кезегінде әрине, елдегі тауар бағасының өсуіне алып келеді деп шулаймыз. Бірақ ескеретіні, дәл қазір инфляция өсуінің басты себебі дизель отынына байланысты емес. Әлемде орын алған қымбатшылық бізге тікелей әсер етіп отыр. Себебі, біз тұтынатын тауардың басым көпшілігін сырттан аламыз», — дейді Жақсыбек Құлекеев.

Оның сөзінше, Қазақстанда мұнай өнімдері бағасын төмен ұстап отыру арқылы көрші Өзбекстан мен Қырғыз елінің шаруаларына қолайлы жағдай жасап отырмыз. Осы ретте Үкіметтің жіберіп отырған үлкен қателігі бар.

«Мұнай өнімдері бағасын ұстау үшін мұнайды өндірушілерден арзанға сатып алуымыз керек. Қазір Үкімет өндірушілерді «қинап» мұнайды арзан бағаға сатқызып отыр. Біздегі мұнайдың басым көпшілігін ТШО, Қашаған, Қарашығанақ дейтін үлкен ірі 3 кен орны береді. Олардың жалпы шығаратын мұнай көлемі 32-33 млн тонна, соның 18 млн тоннасын ішкі нарыққа арзандатып беруге мәжбүр. Ескі кен орындары шығарып отырған мұнайдың 56%-ын ішкі нарыққа өте арзан бағаға сатып аламыз.  Бұл жерде ешқандай нарық заңдылығы жоқ. «Берсең де бересің, бермесең де бересің» деп өндірушілерге қысым жасалып отыр. Үш кен орны мұнайды орта есеппен әр тоннасын 730 доллардан сатса, ал ескі кен орындарының орташа бағасы 200 долларға да жетпейді. Яғни, өнімін 3 есе арзан бағаға сатуға мәжбүр. Бұл жерде ескі кен орындары болғаннан кейін өнім өндірудің өзі қиынға соғады», — дейді экономист.

Дизель мәселесі көктем мен күзде жылда қайталанатын жағдай

Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, «дизель бағасы көтеріле ме?» деген мәселеге келмес бұрын, жалпы қазір сатып алатын дизель бар ма, соны ескеру керек.

«Нарық заңдылығы бойынша көрші елдердегі жанармай бағасының қымбаттағанын пайдаланған біздегі жанармай құю станцияларының әрекеті түсінікті. Олар пайда тапқысы келеді. Бізде дизель литрін 250 теңгеге сатқанша, көрші елге 450 теңгеге сатқан артық. Осы ретте, дизель бойынша сату тәртібі қалыптасқан кезде, қандай тәуекелге баратынымызды алдын ала бағамдау керек еді. Жылда көктем мен күз мезгілінде қайталанатын жағдай бұл. Меніңше, ауылшаруашылығын тығырыққа тіреу үшін қасақана жасалып отырған қадамға ұқсайды. Құзырлы органдар дизель отыны сатылымда бар деп отыр. Егер бар болса, халық неге шулайды?», — дейді Рашид Жақсылықов. 

Оның сөзінше, бүгін Премьер-министрдің бірінші орынбасары тиісті шаралар қабылдамағаны үшін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы М. Мырзағалиев пен энергетика вице-министрі А. Мағауовқа қатаң сөгіс жариялады.

«Бұндай мәселеде тек сөгіс жариялаумен шектелмеу керек. Жауапты бола алмаған қызметкерлерді орнынан босатуы тиіс еді. Шенеуніктер Президент тапсырмасы бойынша бағаны көтермейміз деп дефицит орнатты. Айналып келіп егін науқаны кезінде шаруаларды тығырыққа тіреп қойды. Қарапайым халық керек кезінде тіпті 450 теңгеге де ала алмай отыр. Өйткені, елде дизель отыны сатылмайды. Атқарушы орнанның ақылсыз істеген амалының арқасында шаруалар шығынға батып отыр. Жылы кабинетте отырып үкім шығарып отырғандардың ешнәрсесі кеткен жоқ. Бұл жолы да қиындықтың бәрін қара халық көріп отыр. Жылда қайталанатын проблеманың тым құрығанда бір рет алдын алып, дұрыс жолын табуға болар еді ғой», — дейді ол. 

Рашид Жақсылықовтың пікірінше, әр аудан, әр облыс жылда егін науқаны кезінде қанша дизель отыны қажет болатынын анықтап, соған сай сол өңірдегі жанармай құю станциясындағы қорды есептеп жалпы статистика шығаруы тиіс. Әр өңірде 20-30 тонналық қоймалар орналасқан. Соны өңір әкімдері алдын ала толтырып қойса болар еді.

Елдегі тапшылық кезінде Атырау мұнай өңдеу зауыты күрделі жөндеуге жабылып қалды. Оның қашан қосылатыны белгісіз. Шымкент мұнай өңдеу зауытының да тоқтамай іске қосылып тұратынына ешкім кепілдік бере алмайды. Соған қарамастан Үкімет  дизель отыны өндірісінің көлемі биыл 5,2 млн тоннаға дейін ұлғаяды деп сендіріп отыр.

 

Другие новости

Back to top button