Госорганы

Қазақстанда 300-ге жуық швейцариялық компания жұмыс істейді

Швейцарияның Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 32,6 млрд доллардан асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Швейцария — Қазақстанның ең ірі инвесторларының бірі. Экономикамызға тікелей салынған инвестициялар 32,6 млрд доллардан асты. Былтырдың өзінде Швейцариядан елімізге 2,8 млрд доллар инвестиция құйылды. 300-ге жуық швейцариялық компания Қазақстанда жұмыс істейді. «Novartis», «Glencore International», «Сlariant», «Roche Holding», «SGS», «ABB», «Sika», «Bühler Group», «Stadler» сияқты компаниялар – салалық флагмандар», — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу швейцариялық дипломаттармен елордада өткен кездесуде.

Оның айтуынша, өткен жылдың аяғында «Қазақстан темір жолы» мен «Stadler» компаниясы ұзақ мерзімді инвестициялық келісімге қол жеткізді.

«Осы орайда, еліміздің нарығына кіруге ниетті швейцариялық компаниялар үшін ең қолайлы жағдай жасауға дайын екенімізді тағы да растаймын. Швейцариямен сауда-экономикалық байланысымыз да тұрақты нығайып келеді. Былтыр 1,4 млрд доллар көлемінде болған тауар айналымы биылғы қаңтар-мамырда 544,8 млн долларға жетті», — деді Мұрат Нұртілеу.

Министрдің айтуынша, жақында Астанада Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысы өткен және қос елдің Іскерлік кеңесінің келесі басқосуы биылғы күзге жоспарланған.

«Жан-жақты әріптестікті нығайтуға мүдделі екенімізді растап, швейцар тарапын экономикамыздың басым салаларына инвестиция салуға шақырамыз. Әсіресе, химия-фармацевтика өнеркәсібі, машина жасау, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, көлік, инфрақұрылым және логистика салаларында ықпалдастықты дамытудың пәрмені зор», — деді қазақстандық дипломат.

Айта кетейік, Швейцария Сыртқы істер федералдық департаментінің басшысы Иньяцио Кассис Қазақстанға ресми сапармен келді.

Бұған дейін И. Кассис Швейцарияның халықаралық су бөлу мәселесінде Қазақстанға жәрдем көрсетуге дайын екенін айтқан еді.

Другие новости

Back to top button