Қазақстанда 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша төлем мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұлғайтылады. Бұл жаңашылдық қанша ата-анаға әсер ететінін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен айтып берді.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында бала күтімі бойынша төлем мерзімін бір жарым жылға дейін ұлғайтуды тапсырды. Президент атап өткендей, бұл шара ата-аналарға балаларына көбірек қарауға мүмкіндік береді, Ал жарық дүние есігін енді ашқан сәбиге бұл өте маңызды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, жұмыс істемейтін аналарды республикалық бюджеттен қаржыландыруға қосымша қажеттілік есебін дайындады. Тиісті мақсатқа республикалық бюджетте қосымша 183,5 млрд теңге қарастырылмақ.
Жұмыс істейтін ата-аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін әлеуметтік төлемдерді есептеу алгоритмі де түзетілді. Ағымдағы жылдың желтоқсан айында, Қазақстан Республикасы әлеуметтік кодексінің жобасы аясында, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларды қолдау жүйесінің параметрлерін өзгерту және мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау мен төлеудің ақпараттық жүйелерін дайындау бойынша жұмыс жүргізіледі.
Еңбек министрлігінен атап өткендей, бала күтімі бойынша төлем мерзімін 1 жастан 1,5 жасқа дейін арттыру жұмыс істейтін де, жұмыс істемейтін де ата-аналарға қатысты болады.
Бүгінде 552 мыңдай жұмыс істейтін және 60 мыңнан астам жұмыс істемейтін ата-ана бар. Бұл ретте жұмыс істейтін ата-аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан олардың жалақысының 40 пайызы мөлшерінде төлем төленеді. Мамандар атап өткендей, азаматтың табысы және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу тәжірибесі неғұрлым көп болса, соғұрлым әлеуметтік төлемдердің мөлшері де жоғары болады.
Айта кету керек, бала күтімі бойынша төлем мерзімін ұлғайту – қазақстандық балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауды күшейту жөніндегі шаралар кешенінің бір бөлігі ғана.
Мәселен, 2023 жылдан бастап, «Алтын алқа» алқасымен марапатталғандарға немесе бұрын «Батыр ана» атағын алғандарға, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендері табысталғандарға берілетін жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін ұлғаяды.
Бұл ретте «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларының иелеріне «Марапатталған аналар» деген жаңа мәртебе беріледі. Сонымен бірге, бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдік берілген әлеуметтік пакетті монетизациялау жағы қарастырылуда.
Бұл атаулы әлеуметтік көмек алатын 190 мыңнан астам отбасына әсер етеді. Аталмыш қадам ата-аналарға баланың жеке қажеттіліктеріне негізделген өнімдерді өз бетінше сатып алуға мүмкіндік береді. Балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың жаңа шаралары Қазақстан Республикасының әлеуметтік кодексінің жобасында қазірдің өзінде көрініс тапқан.
Бүгінгі сәтте әрбір қазақстандық үшін маңызды құжатты әзірлеу аяқталды. Жоба заңда қарастырылған келісу рәсімдерінен өтіп жатыр. Ол мемлекеттік әлеуметтік саясаттың ортақ іргелі қағидаттары мен бағыттарын айқындайды.
Кодекс азаматтардың өмір бойы оларға кепілдік берілген әлеуметтік құқықтары туралы ақпараттың бірыңғай көзіне айналады. Бұл ретте азаматтардың жекелеген осал санаттарын қолдаудан қазақстандық отбасын нығайту мен дамыту үшін негізгі жағдайлар жасауға бет бұру жүзеге асырылады