Қазақстан Вьетнамның Орталық Азиядағы алғашқы стратегиялық серіктесіне айналады – То Лам

Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Президент Вьетнам коммунистік партиясы орталық комитеті бас хатшысының Қазақстанға алғашқы сапарына екі ел арасындағы мызғымас достықтың айғағы деп баға берді.
Вьетнам – Қазақстанның Азиядағы маңызды серіктесі. Біздің өсіп-өркендеу жолындағы мүддеміз – ортақ. Мен екі жыл бұрын Вьетнамға ресми сапармен бардым. Сонда екіжақты ықпалдастықтың жаңа бағыттарын дамытуға уағдаластық. Келесі айда екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 33 жыл толады. Алдағы уақытта да қос халықтың достығы нығая бермек. Мен бұған кәміл сенемін. Біз ортақ мақсат-міндеттерге жету үшін күш жұмылдыруға әрдайым дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
То Лам қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін алғыс айтып, бүгінгі келіссөздердің нәтижесі Қазақстан мен Вьетнам арасындағы қарым-қатынастың көкжиегін кеңейте түсетініне сенім білдірді.
Сіздің Вьетнамға жасаған сапарыңыздан кейін екі жыл өткенде біздің делегацияның еліңізге арнайы келуі мемлекеттеріміздің ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар өзара сенім деңгейінің жоғары екеніне айқын дәлел. Қазақстан Вьетнамның Орталық Азиядағы алғашқы стратегиялық серіктесіне айналады, – деді Вьетнам басшысы.
ВЬЕТНАМ БАСШЫСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНҒА САПАРЫ
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада бүгін Вьетнам коммунистік партиясы орталық комитетінің бас хатшысы То Ламды қарсы алған еді. Екі елдің басшылары келіссөз жүргізеді.
Сапар аясында шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өтеді. Сондай-ақ бірқатар маңызды құжатқа қол қою жоспарланған.
ЕКІ ЕЛДІҢ БАСШЫЛАРЫ НЕ ЖАЙЛЫ СӨЙЛЕСТІ
Ақорданың хабарлауынша, Қазақстан мен Вьетнам басшылары елорда әуежайында аз-кем әңгімелескен. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
Құрметті То Лам мырза, еліміздің астанасына қош келдіңіз! Сіздің сапарыңыздың тарихи маңызы зор және Қазақстан мен Вьетнам арасындағы ықпалдастықты кең ауқымда дамытуға тың серпін береді деп санаймын. Сіздің еліңізге жасаған сапардан үлкен әсермен оралдым. Вьетнаммен түрлі бағыттағы байланысты жан-жақты нығайту тұрғысынан жұмысты жалғастыру қажет деген ойға келдім. Екі ел ынтымақтастығының әлеуеті мол – деген.
Өз кезегінде То Лам ілтипат көрсеткен:
Қадірлі Президент мырза, Сізге және Қазақстан халқына шынайы ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіз. Ұшақ трапынан қарсы алғаныңыз – біз үшін зор мәртебе. Бұл асқан қонақжайлылықтың және бізге көрсетілген құрметтің белгісі. Қазақстан мен Вьетнамды тамыры терең достық қарым-қатынас байланыстырады.
Ақордадағы кездесуде әуелі Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Осыдан кейін мәртебелі мейманның сапарына орай Салтанатты рәсімдер залында сап түзеген құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады. Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам кілемше бойымен Қазақстанның Мемлекеттік Туына қарай жүрді. Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң мейман мен Президент құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді. Құрметті қарауыл бастығымен қоштасты. Қазір Ақордада жоғары деңгейдегі келіссөз жүріп жатыр.