Культура

Қазақ рухының қорғаны – Алып Бәйтерек құлады

Қазақ жұртшылығы Халық жазушысы Мұхтар Мағауинді жоқтап жатыр. 

Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет:

Ұлты алдындағы ұлы парызын орындап өткен классик жазушы Мұхтар Мағауин ағамыздың нұры пейіште шалқысын!

Жазушы, драматург Думан Рамазан:

Ұлы қаламгер Мұхтар Мағауин ағамыз фәни жалғаннан бақи дүниеге аттаныпты. Қазақ үшін орны толмас жоғалту, ауыр қаза. Тамыры тереңге тартқан, жапырағы кеңге жайылған Алып Бәйтерек құлады. Құрмет-қошеметке бөлеудің орнына, өмірінің соңына дейін балта сілтедік… Соны ойлап, кеудемді өксік қысып, өзегім өртеніп, жаным жабырқап отыр.

Рухы пейіштің төрінде шалқысын!

Алаштанушы, журналист Болат Мүрсәлім: 

Қазақ рухының қорғаны, бүкіл ғұмырын қазақ әдебиетіне арнаған Мұхтар аға Мағауин қайтыс болыпты. Қазақтың жыраулар поэзиясын қайта тірілткен, Сәбет өкіметі кезінде шығармалары арқылы қазақ жастарының ұлтшылдығын оятқан, қазақ прозасын жаңаша түрлеген қаламгер еді. Студент күнімізде Мағауинге еліктедік, Мағауинді сүйдік, өмірді Мағауинше ғана қабылдағымыз келген кезіміз болды… Қош, Мұхтар аға!

Журналист Жалғас Ертай:

Мағауин де өтті. Оның шығармашылығымен ерте танысқаным сонша, бұрынырақта өтіп кеткен жазушы сияқты қабылданатын. Жармағында өзі айтатын, әлгі батырлардың кезінде қалып қойғандай елестейтін. Өзім Мағауинді соцреализм шырмауынан алғаш болып босап шыққан совет жазушы санаймын. Меніңше, сол шырмаудан оңай босай қалуының себебі ішкі экспрессиясында, советтік деп аталатын ережелер жиынтығынан тұратын жазушылық жайлы түсініктен ада болғанында шығар. Постотарлық әдебиеттің алғашқы жыршысы дер едім.

Мағауин енді жаңа ештеңе бермейді. Енді жаңаны оның жазылып қойған шығармаларынан іздейміз.

Сенатор, журналист Нұртөре Жүсіп:

Асыл мұратына адал болған, жан-тәнімен, толайым еңбегімен Алаш жұртына қызмет еткен, “қазақта жазу, мәдениет болмаған” деп көзден шұқыған кезеңдерде қазақ ауыз әдебиетінің 5-7 ғасырлық мұрасын жинаған қайран ағатайым-ай! Отыз томға жуық мол мұраңыз ұлтқа шамшырақ! Сіз жаққан шырақ сөнбейді!

Жазушы Арман Әлменбет: 

Қазақ жанына жел жақтан тұрып, пана болған адамдардың бірі еді. Барлық оқырманына көңіл айтамын.

ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫНЫҢ ҚАЗАСЫ

Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауин 85 жасына қараған шағында өмірден өтті. Қаралы хабарды жазушының ұлы Едіге Мағауин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

МҰХТАР МАҒАУИН ЖАЙЛЫ

Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген. Еңбек жолы 1965 жылдан басталады. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-1971 жылдары «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болды. 1984-1986 жылдары «Жазушы» баспасының бас редакторы, 1987 жылы еркін шығармашылық жұмыста, ал 1988-2006 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары әдебиет зерттеушісі ретінде танылды. Көркем прозаға көбірек ден қойды. «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазақстанның Халық жазушысы (1984). Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері (1997). «Тарлан» сыйлығының лауреаты (2002). Қазақстанның Құрметті жазушысы (2019) атанды.

17 ЖЫЛ ШЕТЕЛДЕ ТҰРДЫ

Мұхтар Мағауин 2007 жылы Чехияға көшті. Астанасы Прагада алты жылдай тұрды. Кейін АҚШ-қа қоныс аударды. Түркияда да уақытша тұрды. 2008 жылы “Шыңғыс хан” романын жазуға кірісті. Жазушы Шыңғыс хан түрік тайпасының қият руынан шыққан деп есептейтін.

Жазушының билікті өткір сынаған кездері бар. 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде “Қан төгілді” деген атаумен мақала жазып, “менің балаларым мен немерелерім – кеудесінде намысы бар ұлдарым мен қыздарым қызыл қанға боялып жатыр” деп, Назарбаев жүйесіне наразылығын жеткізді. Бертін “Халық үні” басылымына берген сұхбатында «Елін жерімен қосып сатып жіберген патша бізге ғана бұйырды» деп бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевты өткір сынға алды.

Мұхтар Мағауин жары Бақытжамалмен төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан жиырма шақты немере, бес-алты шөбере сүйді.

Другие новости

Back to top button