Қауіпсіздік керек: Qazaq Air Ресейдің бір қаласына ұшақ ұшырмайтын болды
Әуе компаниясы Астана – Екатеринбург бағытындағы әуе рейстерін бір айға тоқтатты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘУЕ КОМПАНИЯСЫ НЕ ДЕЙДІ
– Рейстерді тоқтата тұру жөнінде шешім жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ресейге ұшу тәуекелдерін үнемі бағалау қорытындысы бойынша жасалды. Әуе компаниясы Омбы мен Новосібірге рейстерді орындай береді. Екатеринбургке әуе рейстерін қайтару шешімі тәуекелдерді қайта бағалау қорытындылары бойынша жасалады, – делінген компанияның хабарламасында.
Тоқтатылған рейстердің жолаушыларына ақшасы қайтарылады. Qazaq Air кеше БАҚ-қа Ақтаудағы ұшақ апатының тергеуі аяқталғаннан кейін Ресейге рейстерді тоқтата тұру туралы шешім қабылдайтынын хабарлаған.
EURONEWS: ҰШАҚТЫ РЕСЕЙ ЗЫМЫРАНЫ АТЫП ТҮСІРГЕН
Euronews бұған дейін Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ ресейлік зымыраннан атылғанын мәлімдеген еді. Басылым Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп, апат Грозный үстінде ресейлік зымыраннан атқаннан болған деп жазады сенімді түрде.
АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты.
Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.
29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.
Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.