«Қашуға мүлдем мүмкіндік болмады»: Адвокат Жанна Оразбақова Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты жаңа деректер бөлісті
Адвокат Жанна Оразбақова желідегі парақшасында аса қатігездікпен өлтірілген Салтанат Нүкеноваға қатысты жаңа мәліметтерді айтты. Оның айтуынша, марқұм такси шақырған кезде, оны қаскүнем күйеуі жібермей қойған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оразбақованың айтуынша, бұл жағдай туралы оған гастроорталық жанында Нүкенова мен Бишімбаев арасындағы қақтығыстың куәсі болған такси жүргізушісі айтып берген.
«8-інен 9 қарашаға қараған түні, шамамен түнгі 03:00-те, оны гастроорталыққа шақырған. Жеткен кезде ол шақыру қыздан түскенін түсінді. Қыз көшеде ер адаммен бірге тұрған. Қыз таксиге отыруға тырысты, бірақ жанындағы ер адам оның шынтағынан ұстап, көлікке отыруына мүмкіндік бермеді», – деп жазды адвокат.
Такси жүргізушісі сыртқа шығуға оқталған. Бірақ сол сәтте ер адам жолаушылар есігін ашып, оны балағаттаған.
«Бишімбаев оның әйелі екенін айтып, таксисті кетуге мәжбүрледі. Әйелі ешқайда бармайды деді. Ол таксистке «бұл менің мейрамханам, менің кім екенімді білесің бе? Кім екенімді білесің бе?» деп айқайлаған. Бишімбаев көп балағат сөздер айтқаны соншалық такси жүргізуші шыдай алмай, көліктен шығуға тырысқан. Бірақ сол сәтте гастроорталықтың күзетшісі жүргізушіге жақындаған. Сол сәтте күзетші оған «Кетіп қалыңызшы, бұл біздің бастық, ешқандай жанжалдың қажеті жоқ» деген», – деді Оразбақова.Такси жүргізушісі кетіп қалған. Алайда таңғы 7-8 шамасында гастроорталықтан тағы бір шақырту алған. Бұл жолы ешкім шықпаған. 15 минут күткен соң такси жүргізушісі кетіп қалған.
«Сондықтан Салтанат кетуге мүмкіндігі болды», «Бірақ өзі қалуды таңдады» деп жазғандардың бәрі білсін. Шын мәнінде бұлай емес. Ол кеткісі келді, бірақ оған мүмкіндік берілмеді. Оның үстіндегі киімдерін жыртқан. Сіздер білесіздер, далада – қараша айы. Қашуға мүлдем мүмкіндік болмады», – деп толықтырды адвокат.
Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ал екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталды. Кейіннен аппеляциялық сот Бишімбаев пен Байжановқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі («Азаптау»), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы («Аса қатыгездікпен адам өлтіру») бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін айыпталған.