Нур-Султан

«Қарыз көлемі 5 млн доллар»: Астанада қорғаныс министрлігінен қарызын даулаған кәсіпкерлер митингіге шықты

Астанада қорғаныс министрлігінен қарызын даулаған кәсіпкерлер митингіге шықты. Бір топ кәсіпкер қорғаныс министрлігі жанындағы «Әскери құрылыс» компаниясын «алдап кетті» деп айыптады. Жиналғандардың айтуынша, ведомство мердігерлік жұмыстарға 5 миллион долларға жуық ақша төлемеген. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлайды.

 

Ақпаратқа қарағанда, «Әскери құрылыс» компаниясы қорғаныс министрлігі үшін қызметтер мен тауарларға тапсырма беріп, бірақ оларды атқарған компанияларға келісімде көрсетілген қаражатты бермеген. Кәсіпкерлердің айтуынша, жұмыс үшін уәде етілген сомманы төлемегеніне үш жылдың жүзі болған.

Наразылық танытқандар кәсіпкерлер қорғаныс министрлігі ғимаратының алдына жиналды. Солардың бірі – Юрий Литвинов. Оның компаниясы 2020 жылы Балқаштағы әскери бөлімше үшін 65 мың долларға шағын станция салып берген. Бірақ бүгінгі күнге дейін бұл қаражатты алмаған.

Татьяна Ляменконың компаниясы да қорғаныс министрлігінің бұйрығымен Үшаралда канализация салған. Бірақ үш жылдан бері бұл қызметі үшін ақша ала алмай келген.

Кәсіпкерлерді қорғаныс министрінің орынбасары Мұхаммеджан Таласов қабылдады. Ол қарызды «Днепр» радиолокация станциясын сатқаннан кейін ғана төлеп беретінін жеткізді.

«Қазір сатып алушыны табу қиын болып тұр. Екі жыл шыдадыңдар, енді тағы аз уақыт шыдаңдар. Жыл соңына дейін негізгі қарызды жабамыз», — деді Мұхаммеджан Таласов.

Бүгінгі күні бұл фактілер бойынша «Әскери құрылыс» компаниясына қатысты қозғалған қылмыстық іске байланысты тергеу жүріп жатыр.

Другие новости

Back to top button