«Қарыз жақында төленеді»: Абай облысы ұстаздарының неге жалақысыз жүргені белгілі болды
Мұғалімдер тамыз айынан бері жалақы алмаған
Абай облысындағы ұстаздары екі айға жуық жалақысыз жүрген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Әлеуметтік желіде жаңадан құрылған Абай облысының ұстаздары екі айға жуық жалақысыз жүргені туралы ақпарат тарады. Мұғалімдер тамыз айынан бері жалақы алмағанын айтқан.
Бұл мәселеге қатысты облыстың Білім басқармасы жауап берді.
«2022 жылғы 18 қазандағы жағдай бойынша білім беру ұйымын қайта тіркеу рәсімі аяқталды. 17 қазаннан бастап, жергілікті бюджет есебінен білім беру ұйымдарын қаржыландыру ашылды. Республикалық бюджет бойынша қаржыландыру қаражатты атқару ережелеріне сәйкес, 21 қазанға дейін ашылады. Барлық жалақы қарызы жақын күндері төленеді», — деп хабарлады облыстық білім басқармасы.
Айта кетейік, Абай облысы 2022 жылдың маусымында құрылған болатын.