Госорганы

Қаржы сарапшылары Қазақстаннан қандай жағдайда қомақты сома алып шығуға болатынын түсіндірді

Шетелге қолма-қол ақша алып шығу үшін Қазақстан азаматтарына 10 мың АҚШ долларынан аспау керек. Бұл сома күнделікті валюта бағамы бойынша есептеледі. 10 мың доллардан асатын қаражат декларациялануға тиіс, ал шекті мөлшерден артық ақша тәркіленеді және айыппұл салынады. Ұлттық валютада шектеу жоқ. Дегенмен сарапшылар кез келген жағдайда декларация толтырып, мемлекеттік кірістер органдарынан кеңес алуды ұсынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Шетелге қолма-қол ақша алып шығудың өз тәртібі бар. Мәселен Қазақстан азаматтарына өзге елдерге 10 мың доллардан артық ала алмайды. Есесіне теңгеге шектеу жоқ.

Қазақстаннан шетелге алып шығатын сома он мың АҚШ долларынан аспауы тиіс. Ақша көлемі сол күнгі валюта бағамы бойынша есептеледі. Мәселен бүгін, яғни 3 наурыздағы доллардың бағамы 500 теңге. Яғни шетелге 5 миллион теңгеден астам қаржы алып бара жатсаңыз, міндетті түрде декларация толтырасыз.

Кейбір қазақстандықтар жаңа көлік, қымбат зат сатып алу үшін жиі шетелге шығады. Бірақ өзімен бірге қалтасына салып шығатын ақшаның көлемін білмейді. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, ұлттық валютада кез келген соманы тасымалдауға болады.

Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Қуат Қалдашовтың мәліметінше, Қазақстаннан 10 мың доллардан астам қолма-қол ақша мен 100 грамнан артық алтынды алып шығуға тыйым салынған.

«Бірақ осымен қатар президенттің 830 жарлығына сәйкес 10 мың доллар баламалы валютаны, яғни шетел ақшасын немесе аффинирленген ұлттық банкінің шығаратын алтын құймаларды  немесе 100 граммнан асатын аффинирленген алтынды алып шығуға тыйым салынған. Қазақстан аумағынан кедендік шекарадан өзге елдерге, үшінші елдерге шығу кезінде осыны ескеру қажет», – деді Қуат Қалдашов.

Ал егер он мың АҚШ долларынан асатын сомада кез келген шетел валютасын Қазақстаннан алып шықпақ болсаңыз қомақты айыппұл арқалайсыз. Және шекті мөлшерден артық қаржы мемлекет кірісіне тәркіленеді. Ал Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне қолма-қол ақша алып шықсаңыз ешқандай шектеу жоқ.

Қаржы сарапшысы Бекнұр Қисықовтың пікірінше, сақтық үшін кез келген жағдайда декларация толтырған дұрыс.

«Өзіңіздің кепілдігіңіз үшін құжат алып алған дұрыс деп ойлаймын. Тіптен сен Москваға ұшсаң да. Тіптен сен Минскіге ұшсаң да. Соның өзінде де. Я болмаса көрші Бішкекке ұшсаңыз да оның өзінде де өзіңізбен сондай құжат алған дұрыс. Өйткені құжатыңыз болса ол ақшаға кепілдік бар», – деді Бекнұр Қисықов.

Сонымен бірге сарапшылар шетелге шығатын кезде мемлекеттік кірістер органдарына жүгініп, толық мағлұмат алған жөн дейді.

Еске салайық, бұған дейін мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандық блогерлерге салық бойынша хабарламалар жібергені туралы хабарлаған едік. Оларға жалпы құны 53 миллиард теңгені төлеуге бір ай уақыт берілгенін мәлімдеді. Осыдан соң желіде салықтан жалтарған блогерлердің тізімі пайда болды.

Другие новости

Back to top button