«Қарақатты мен туған жоқпын»: ақын Қымбат Әбілдақызы қауесетке нүкте қойды
Танымал журналист, ақын, “Айгөлек” журналының бас редакторы Қымбат Әбілдақызы отбасындағы біраз құпияның бетін ашып, ел білмейтін сырды ақтарды. Ел аузында жүрген жалған сөзге нүкте қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Мақсатына жеткендер” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Отбасында 10 баланың үлкені болған Қымбат Әбілдақызы артынан ерген бауырларын арқалап баққанын жасырмады.
“Халық арасында Қарақаттың “шешесі” – Қымбат екен деген өсек бар. 1978 жылы төртінші жыл оқуға түсе алмай, өзіме де, қоғамға да өкпелеп соңғы пойызбен Жаңаарқаға кетіп қалдым. Үйге барсам шешем қыз туыпты. “Сенің қолғанатың осы қыз болады, шайыңды дайындап, киімдеріңді үтіктейді. Өзің тәрбиеле” деп бере салды. Сол күннен бастап, тікелей менің жауапкершілігімдегі бала болды. Кішкентайынан үлкен қалаға әкеліп, оқыттым. Тұрмысқа шығатын кезде қолымнан ұзаттым. Қазір елдің қызы болуына менің тікелей ықпалым бар. Біз өскен отбасы өте дәулетті болса да, тәрбие қатал болды. Жоқшылық көрмесек те, дүниеге мастанбадық. Қарақат туған жылы оқуға түсе алмай жүрсем де, ауылдағы мектепте сабақ беріп жүрмін. Алақандай ғана ауылда оң босағада отырып бала тапсам, әкемнің беделі түседі ғой”, – дейді журналист.
Қазақ эстрадасы мен дәстүрлі өнерді қатар алып жүрген Қарақаттың бала кезін де күліп еске алды.
“Ол қыз кішкентайынан алғыр болды. Қалада жүріп Қарақаттың өзіне хат жазамын. Үй-ішін, мал-жан сұраймын. Мен барғанша мына кітаптарды оқып, ертегі құрастыр, өтірік өлең жатта деп тапсырмалар беремін. Қысқы демалысқа барғанда тап-тұйнақтай етіп орындап қояды. Қалаға алып келгенде ұлым Мереймен қатар тәрбиеледім. Екеуінің жас айырмашылығы әжептеуір болса да, бірге кітап оқып, сабаққа бірге дайындалатын”, – деп әншінің бала кезін айтып берді.