Карагандинская область

Қарағандылық кәсіпкер қала орталығындағы ағаштардың бұтағын заңсыз кесіп тастады

Жалдаған жұмысшылар 20-дан астам ағаштың бұтақтарын кесіп тастады

Қарағандының орталық көшелерінің бірінде кәсіпкердің тапсырысымен 20 ағаш бұтағы заңсыз кесілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Патриот телеграмм каналына сілтеме жасап.

Шаһардағы негізі көшелердің бірі саналатын Бұқар жырау даңғылында орналасқан «Абсолют» сауда үйінің иесі Анжелика Борисенко жалдаған жұмысшылар 20-дан астам ағаштың бұтақтарын кесіп тастады. Талдарда тіпті бір жапырақ та қалмаған.

Күні кеше ғана қала әкімі ағаштарды өз көзімен көріп, кәсіпкер заң бұзушылық жасағаны үшін жауапқа тартылатынын айтты.

«Кәсіпкер Анжелика Борисенко мердігер ұйымды жалдаған. Олар ағаштарды санитарлық кесу бойынша талаптардың бәрін бұзып, өз дегендерін жасады. Бүгін осы жерге кәсіпкерді шақырып едім, бірақ ол келмеді. Ертең онымен кездесу жоспарланған, онда біз болған жағдайды талқылаймыз. Қалаға осындай зиян келтірген кәсіпкер өтемақы ретінде ағаш отырғызып, айыппұл төлеуі міндетті болады. Осы жұмысқа жауапты маман ертеңнен бастап қызметінен босатылады», — деді қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Десе де көп ұзамай қала басшысымен кездесуге Ольга Константиниди есімді сауда үйінің қаржы директоры шықты. Өз сөзінде ол қарағандылықтардан кешірім сұрап, ағаштарды кескендері үшін өкінетінін жеткізді.

«Біз барша қарағандылықтардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз. Өтемақы ретінде ағаштар отырғызып, олардың тамыры отырғанша баптауға уәде береміз. Егер әкімдік рұқсат етсе, онда біз осында отырғызамыз, егер басқа жерді белгілесе, сол жерге отырғызамыз», — деді ол.

Канал авторының жазуынша, бұған дейін қаланың оңтүстік-шығысында жергілікті кәсіпкерлердің бірі құстың ұялары бар бұтақтарды кесіп тастағанда облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қол астындағыларына жасыл желектерді қадағалауды және мұндай озбырлыққа жол бермеуді талап етті. Бірақ іс жүзінде ештеңе өзгермеген сыңайлы.

 

Другие новости

Back to top button