Карагандинская область

Қарағандыда тұрғындар көмірдің шаң-тозаңына тұншығып отыр

Тұрғындар тынысымызды тарылтқан көмір қоймасы жабылсын деп талап етуде

Қарағанды іргесіндегі тұрғындар көмірдің шаң-тозаңына тұншығып отыр. Өйткені көмір қабылдау және жөнелту бекеті тұрғын үйлерге тым жақын орналасқан. Мемлекеттік инспекторлар тұрғындардың арызы бойынша сан мәрте тексеріс жүргізген. Айыппұл да салыпты. Алайда қыстық отын сатумен айналысатындар айыппұлды төлеп, тірліктерін жалғастыра береді. Сондықтан тұрғындар тынысымызды тарылтқан көмір қоймасы жабылсын деп талап етуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Қарағандының осы бөлігінде тұратын екі мыңға тарта жұртқа таза ауа жұту арман болды. Қапталында күні-түні тиелетін көмірден ұшқан шаң-тозаң терезені жаппаса, үйді алып кетеді. Сырттағы ойын баласы да осыны жұтып өкпесін қабындырып жүр. Мекемеден көмір тиеп шыққан жүк көліктері ауылдағы жалғыз жолмен жүйткігенде, тығыларға таса таппаймыз дейді тұрғындар.

«Жүк көліктері күні-түні тыным тапайды. Артынан шаң-тозаңды қауып біз қаламыз. Ал мекеменің өзінде көмірді үгітетін техника гүрсілдеп істеп жатады. Маза жоқ. Қар жауса, қара күйе басады. Қызым сабақтан келе сала жуындырсақ, үстіндегі кірді кетіре алмаймыз», — дейді Евгений Медведев.

Азаптанған тұрғындардың арызымен аталған мекемеге жазда тексеру де жүріпті. Экология департаменті біраз заңбұзушылық тапқан. 30 мың теңге айыппұл да салыпты. Олқылықтарды жоюға 31 желтоқсанға дейін уақыт та берген екен.

«Екі компания әкімшілік жауапқа тартылды. Дегенмен де тексеріс барысында  екі кәсіпорын ауаны ластамау іс-шараларын атқару керек еді. Яғни шаңды басу ісәрекеттерін атқару керек еді. Бірақ та іс жүзінде ол атқарылмаған», — деді Қарағанды облысы экология депатраменті басшысының орынбасары Дархан Есжанов.

Олар үшін түкке тұрмайтын айыппұлды төлеген, бірақ ескертпелердің ешқайсысын да елемеген. Сондықтан экология департаменті олардың жұмысын тоқтату үшін сотқа арыз дайындаймыз деп отыр.

Другие новости

Back to top button