Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында қаза тапқан 46 кеншіге ескерткіш орнатылды
20 тамызда Қарағандыда, Костенко атындағы шахтаның аумағында қаза тапқан кеншілерге арнап орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатты өтті. Былтыр 28 қазанында 46 кеншінің өмірін қиған апат болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметіне сенсек, кеншілердің туыстары мен әріптестері, билік өкілдері, Qarmet компаниясының басшылығы көз жұмған шахтерлерді еске алып, гүл шоқтарын қоюға жиналды.
«Костенко шахтасындағы қайғылы оқиға қарағандылықтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жүрегінде терең із қалдырды. Бұл орны толмас қайғы. Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтқым келеді. Сол күндері мемлекет басшысы жақындарынан айырылған отбасыларды қолдау үшін Қарағандыға жеке өзі келді. Біз әр отбасына қажетті қолдау мен көмек алуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Елбасы біздің облысқа соңғы сапары барысында кеншілер үшін еңбек қауіпсіздігі мен лайықты жұмыс жағдайларын қамтамасыз етуге баса назар аудару керектігін тағы да қайталады», – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Мемориалдың авторы қарағандылық мүсінші және суретші Игорь Баграмов болды. Габбро қара граниттен жасалған ескерткіш белгісі кеншілердің кенжарға кетіп бара жатқанын білдіреді.
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі
Айта кетейік, үш метрге жуық құрылымда қаза тапқан 46 кеншінің есімдері ойылып жазылған. Айналасы абаттандырылған, шатырлары бар орындықтар орнатылған, жарықтандыру бар. Периметрі бойынша 46 жас ағаш егілді.
Жақында Қарағанды қаласының орталық саябағында Костенко атындағы шахтада қаза тапқан кеншілерге тағы бір ескерткіш орнатылды. Оны мүсіншілер Игорь Баграмов пен Тарас Кишкарев жасады. Биіктігі үш метрден асатын ескерткіш кеншінің бейнесін бейнелейді. Ол 2006 жылы қаза тапқан кеншілерді еске алуға арналған ескерткіштің жанында орналасқан.
Еске салайық, 28 қазанда Костенко шахтасында метан газы жарылған. Соққы толқынының таралу диапазоны 2 км-ден асқан. Апат кезінде жер астында 252 шахтер болған деп айтылады. 206-сы өз бетімен жер үстіне шыққан. Қалғаны сыртқа шыға алмай қалған. Алдын ала болжам бойынша, апатқа көмір оятын орыннан шыққан өрт себеп болған. Осы оқиғаға байланысты 29 қазан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Елде мемлекеттік ту төмен түсіріліп, барлық ойын-сауық шаралары тоқтады.