Карагандинская область

Қарағанды облысында түрмедегі ер адамның қайтыс болғанын туыстары бір жылдан соң бір-ақ естіген

Аталған оқиғаға байланысты колония қызметкерлері пікір білдірді

Алматы қаласының тұрғыны Қарағанды ​​облысындағы колониялардың біріне сотталған бауырының бір жыл бұрын қайтыс болып кеткенін оны іздеп барғанда бір-ақ білген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Әлеуметтік желіде тарап кеткен видеода сотталушының әпкесі Сәулет Жұмабекованың Абай ауданындағы АК-159/5 колониясына келіп, ағасының қайтыс болғанын мекеме қызметкерлерінен білгенін айтады. Ол бұл қайғылы хабарды ер адамның туыстары уақытында естімегенін ашына айта келе, қазақстандықтарды бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан туыстарына жиі барып тұруға шақырады.

«Мен бауырыма кіші ініміздің қайтыс болғанын естіртуге келген едім. Сөйтсем, бізді ішке кіргізбей қойған колония қызметкерлері бақылау-өткізу бекетінде бауырымның қайтыс болып кеткенін, тіпті бір жыл бұрын жерленіп қойғанын айтып, қарап тұр. Айтарға сөзім жоқ. Адам емес, әлдебір мысық өліп қалғандай жай ғана айтып, бетіме қарап тұр. Сонда біз қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз? Бізге хабар берудің барлық мүмкіндігі тұрғанда, бір ауыз ләм деместен жерлей салған! Бұл не деген сұмдық?! Тіпті, соғыс кезінде де қара қағаз жіберіп, адам өлгенін естіртетін еді ғой», — деп күйінеді Сәулет Жұмабекова.

Аталған оқиғаға байланысты ҚР ІІМ ҚАЖД баспасөз қызметі пікір білдіріп, сотталушының 2021 жылы  6 қазанда қайтыс болғанын мәлімдеді. Сот-медициналық сараптама оның өлімінің жүрек ауруынан болғанын анықтаған.

«Сотталған адам бұл мекемеге 2021 жылдың 9 ақпанында келген. Мекемеге келген кезде ол өзінің тұрған жерін хабарлаудан бас тартып, жақын туыстарының жеке мәліметтерін бермеген болатын. Сол себептен де оның кенеттен қайтыс болғанын туыстарына хабарлау мүмкін болмады. Мекемеде жазасын өтеу кезеңінде сотталған телефон арқылы сөйлеспеген, ешкіммен қысқа және ұзақмерзімді кездесулер өткізбеген, ешқандай қоғамдық пайдалы байланыс орнатпаған, сәлемдемелер алмаған», — деді департамент өкілдері.

 

Другие новости

Back to top button