Главное

Қарағанды облысында шахтадағы өрт кезінде көз жұмған кеншілер жер қойнына тапсырылды

21 тамызда Қарағанды облысында шахтадағы өрт кезінде көз жұмған Виктор Бургун мен Виталий Слюньков жер қойнына берілді. Ал мәйіті бірінші табылған Денис Стешин 20 тамызда жерленген. Соңғы екі кеншімен қоштасу рәсімі 22 тамызға жоспарланып отыр. Дегенмен шахтадағы өртті сөндіру қиындай түсіпті, себебі жалын лентадан көмірге өтіп, күш бермей кеткен. Бұл туралы БАҚ хабарлайды.

 

58 жастағы Виктор Бургун 39 жыл кенші болып қызмет еткен.

“Әр уақытта бірдеңе болғаннан кейін ғана басталады жұмыстың бәрі. Баяғыда Ленин шахтасында жиырма адамдай көз жұмғанда асфальт та салынды, жарық та жасалды. Болмай ақ қойсын ондай, енді алдын ала істесін”, – деді марқұмның әріптесі Нұржан Райымбеков.

Кеншілермен қоштасуға әкімдік өкілдері мен депутаттар да келген. Айтуларынша, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының құрғақ уәдесі елді шаршатқан. Компанияға қарасты шахталардың бәрінде заманауи құрылғылар сөз жүзінде ғана жаңарып жатыр дейді.

“Олар ылғи алдайды. 5 жылдық жоспар бар, 3 жылдық жоспар бар, біреуі орындалған жоқ. Ең құрыса 5 жылдық жоспардың 30 пайызын да орындаған жоқ. “Мынаның алдын аламыз, ешқандай қауіп болмайды” деп алдап келді. Ал нақты орындалып жатқан ештеңе жоқ”, – деді мәжіліс депутаты Құдайберген Бексұлтанов.

59 жастағы Виталий Слюньков та шахтада 39 жыл еңбек еткен. Оның денесін жақындары үйінен шығарды. Зейнетке жеткенде Ресейге көшуді жоспарлап жүрген екен. Елден кеткен балалары әкелерін соңғы сапарға аттандыру үшін келіпті. Қоштасуға келген кеншілер де көп.

Ал шахтаның өзінде 5 күн бұрын басталған өрт әлі сөндірілмей жатыр. Өйткені конвеерлік лентадағы өрт көмір қабаттарына өтіп кеткен. Қазір жер астындағы 10-нан аса өрт ошағымен 40 шақты өрт сөндіруші алысып жатыр. Одан көп адамды кіргізуге жер астындағы тар жолдар мүмкіндік бермейді. Сондықтан мамандар тілсіз жаудың беті қашан қайтарын нақты айта алар емес.

“Бізде былтыр Ленин шахтасындағы өрт кезінде 3 апта деп жоспарлағанбыз. Бірақ одан ерте сөндірдік. Сондай болуы мүмкін. Керісінше созылып кетуі де ғажап емес. Өйткені жанған көмірді сөндіру оңай емес. Сондықтан нақты айта алмаймыз”, – деп мәлімдеді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Вадим Басин.

Қазақстан шахтасында еңбек ететін 1450 адамның 600-ден астамы қазір басқа шахталарға жұмысқа жіберілген. Қалғаны өрт сөндірушілерге көмектесу үшін осында жүр.

Другие новости

Back to top button