Жамбылская область

Қаңтарда Тараздағы тәртіпсіздікке қатысып көз жұмған жасөспірім кінәлі деп танылды

Оның заңды өкілі тағылған айыпты мойындаған жоқ

Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікке қатысу және әскери қызметшілердің өміріне қауіп төндіру дерегі бойынша қылмыстық іс қаралып, қайтыс болған жасөспірім кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Сотта анықталғандай, 6 қаңтарға қараған түні О. есімді жасөспірім Таразда жаппай тәртіпсіздік кезіндегі қалалық әкімдік ғимаратының мүлкін қиратуға, зорлық-зомбылық әрекеттеріне қатысқан. Әскери қызметшілердің өміріне қастандық жасау мақсатында О. олардан әкімдік ғимаратынан шығуын талап етіп, әйтпегенде өрт қоятынын айтқан.

«Кәмелетке толмаған тұлғаның кінәсі куәлардың айғақтарымен, сот-медициналық, сот-биологиялық, сот-медициналық-криминалистік, сот-баллистикалық сараптамалардың қорытындыларымен, фотосуреттерден жеке басын анықтау хаттамаларымен, сондай-ақ істің басқа материалдарымен дәлелденді», — делінген сот хабарламасында.

Прокурор сотталушыны (қайтыс болған) жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін (Қылмыстық кодексінің 272-бабының 2-бөлігі бойынша) марқұм болуына байланысты кінәлі деп тануын сұрады.

Сотталушының заңды өкілі өзіне тағылған айыпты мойындамай, істі мәні бойынша қарауды сұрады.

«Үкім шығару туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 20 сәуірдегі №4 нормативтік қаулысының 10-тармағына сәйкес, егер тараптардан қайтыс болған адамды ақтау туралы өтінішхат болған жағдайда, іс жалғасады және оған негіздер болған жағдайда, қайтыс болған адамға қатысты айыптау үкімімен аяқталады. Сонымен бірге, үкімнің қарар бөлігінде ол жаза тағайындалмай, қылмыстық заңның тиісті бабы бойынша кінәлі деп танылғаны туралы қорытынды тұжырымдалады», — делінген сот қаулысында.

Сот үкімімен қайтыс болған жасөспірім жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін кінәлі деп танылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Другие новости

Back to top button