Социум

Қаңтар оқиғасында екі көзінен айырылған жігіт өміріндегі өкінішін айтты

Қаңтар қасіреті кезінде қос жанарынан айырылған Ермек Әбдірешов әуелде жаппай тәртіпсіздікке қатысты деп айыпталып, тоғыз ай тергелген еді. Алайда дәлел табылмай, іс тоқтатылған. Бүгінде екі көзі де көрмейтін 37 жастағы жігіт қанды қырғынында көрген азабын бүкпесіз баяндап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.

Алматылық Ермек Әбдірешов басынан өткен қайғылы жағдайға дейін қалада көлік салонын жөндеумен айналысатын еді. Ол 2022 жылы 5 қаңтарда таңғы сағат 9-10-да үйінен жұмыс жаққа қарай шығады. Алайда барлық жұмыс орны жабық екенін білгеннен кейін алаңға баруды жөн көреді.

«Халқыма қосылып, не боп жатқанын көру үшін алаң жаққа қарай бет алдым. Мен ол жерге пайда көру үшін немесе бүлік шығару, бұзақылық жасау үшін барған жоқпын. Халықпен бірге болып, не болса да бірге көріп, біздің елдегі өзгерістің, жақсылықтың бастамасы шығар деп барғанмын. Сол кезде адамдар бағдаршамды шайқап, құлатып жатқан кезде жандарына жүгіріп бардым. «Қойсаңдаршы!» деп енді айта бергенде көз алдымда әппақ бірдеңе жарқ ете қалды, граната жарылған шығар деп ойладым. Басым қатты ауырды да, мен жерге құладым. Содан кейін көзімді жыпылықтатып көрдім де талып қалдым», – дейді Ермек Әбдірешов.
Сол сәтте бұл жігіттің оң көзіне оқ тиген еді. Ол бұл жайсыз жағдайды Қалқамандағы №7 қалалық ауруханадағы жансақтау бөлімінде ес жиған соң бір-ақ біледі. Кейін Ермекті құзырлы орган қызметкерлері ем қабылдап жатқан жерінен ұрып оятып, абақтыға алып кетіпті. Түрмеде әбден азапталған жігіттің екінші көзі де көрмей қалады.

«Сол кезде азаптау басталды. Бәрімізді ұрып-соқты. Менің үстіме су құйды, балағаттады. Мені сол мекеменің ішінде итше төрт аяқтап жетектеді. Сол кезде бастан, құлақ-шекеден ұрып отырды. Екі күн бойы тікемізден тік тұрдық. Үшінші немесе төртінші күні мен қатты әлсіреп, судорога беріп бір талып алдым. Құзырлы орган қызметкерлерінің қатігездігін сол кезде де байқадым. Себебі мен судорога беріп жатқан кезде еш көмек көрсеткен жоқ. Тек қана біреуі кірді де, «өліп қалса шақырыңдар» деп қайта шығып кетті. Бізді ұрған кезде көбінесе дәл ауыратын жеріңнен ұратын. Мені көбінесе басымнан ұрды. Шыны керек, соның салдарынан екінші немесе үшінші күні мен ештеңе көрмей қалдым», – дейді екі көзінен айырылған жігіт.
Жағдайы күрт нашарлаған Ермек Әбдірешов 22 қаңтар күні абақтыдан шығып, дереу ауруханаға жатады.

«Сол кезде оң көзімді кесіп алып тастады. Қазір оң көзімнің ішінде протез тұр. Ал сол көзіме ота жасау керек еді, бірақ біздің дәрігерлер ота жасаудан бас тартты. Содан кейін халқыма рақмет. Халықтан көмек сұрап, ақша жинатып, Түркияға барып ота жасатып келдік. Көзімнің ішіндегі құйылған қанды тазалап, бәрін орнына қойып берді. Түрік дәрігерлер: «Сенің көзің жарақат, ауру емес. Сол себепті кез келген жарақат уақыт өте келе қалпына келу керек. Үмітіңді үзбе, бірақ қай уақытта, қай сәтте көзің ашылатынын айта алмаймын. Бірақ ашылуы тиіс» деді. Сол көзімнен үмітім бар», – деді 37 жастағы ер адам.
Қос жанарынан айырылған жігіт қара түнектен шаршағанын да айтады. Тіпті оның бұрын жақын араласатын достарының саны азайып, кейбірі хабарсыз кеткен.

«Маған ауыр ойлар жиі келеді. Себебі ұйықтасаң да – қараңғылық, оянсаң да – қараңғылық. Кейде сағатым, ұялы телефоным қасымда болмаса, үйдегілерден сұраймын. Соның бәрі қиын, не болып жатқанын білмейсің. Мысалы, қазір он екі мүшем сау деп айта алмаймын. Аяқ-қолым сау, бірақ мына қараңғылықтың кесірінен толыққанды өмір сүре алмаймын. Шыны керек, мен қазір көзі көрмейтін адамдармен араласпауға тырысамын. Себебі сондай адамдармен араласқан сайын соқырлыққа бейімделе бастайсың. Санаң үйрене береді. Шыны керек, қиындық тек қараңғылықта ғана емес, адамдармен арадағы қарым-қатынас та қиындады. Себебі бұрын араласып жүрген көп адамның беттері ашылып қалды», – дейді жәбірленуші.
Сондай-ақ жуырда Алматы прокуратурасы «Қаңтар оқиғасында» екі көзінен айырылған Ермек Әбдірешовтен ресми түрде кешірім сұрап және оның үкіметтен өтемақы талап етуге құқылы екенін хабарлаған. Жәбірленшуі жігіт жалпы шығынды есептеп, мемлекеттен 25 миллион теңге өтемақы сұраған.
Видео сұхбаттың толық нұсқасын Stan Kz Youtube арнасынан көріңіз.

 

Другие новости

Back to top button