Госорганы

Қаңтар: бандиттер «QAZAQSTAN» ғимаратын қиратпақ болды

Қаңтар оқиғасы кезінде қылмыскерлер әкімшілік ғимараттарға әдейі үлкен зақым келтіріп отырған. Президент резиденциясы мен қала әкімдігін түгел өртеп жіберді, еліміздегі ең ірі бұқаралық ақпарат құралдары орналасқан кешендер мен офистер айтарлықтай бүлінді.

 

Бүлікшілер тобы орталықтағы телеарналар орналасқан ғимараттарға басып кіріп, техникаларды бүлдіріп, өртеп кеткен. Соның бірі — ширек ғасырдан аса тарихы бар «Qazaqstan» ұлттық арнасының телеарнасының ғимараты.

 

Бұзақы топ өрт қойып, телеарнаның бірнеше студиясы мен қызметкерлер отыратын бөлмелердің 80 пайызы жанып кеткен.

Ғимаратқа басып кіргендер камераларды ұрлап, өзге техникаларды талқандап, жарамсыз еткен. Өткен жылдың қараша айында ғимараттың кіреберісіне қойылған қазақ телевизиясы қайраткерлерінің ескерткіш-мүсіндері де түгелдей қираған.

Ғимараттағы оқиғаны көзімен көргеннің бірі «Qazaqstan» ұлттық арнасының операторы Самат Құрбиев болды.

«Машинамды қойып, басты кіреберістен кірсем бәрін қиратып кеткен екен. Ішінде 10-15 шақты жас бала жүр. Не істеп жүрсіңдер десек, дыбыс ұлғайтқыш (колонка) іздеп жүрміз дейді, Біз ондай нәрсе жоқ дедік. Бұндай көтеріліске шығып, елді тонау деген басқа кіретін нәрсе емес. Бұны жабайылық деп санаймын», — дейді ол.

Шабуыл кезінде ғимаратта болған куәгерлердің айтуынша, ғимаратқа кіргендер қиратуды музейден бастаған. Іздегенін таба алмаған соң, ашуға булыққан болса керек. Содан кейін жолда кездескеннің бәрін қиратуға кіріскен.

«Qazaqstan» ұлттық арнасының қызметкері Айдын Бекбосынов осы ғимаратта 2008 жылдан бері қызмет істеген. Ол оқиғаларға бір жылға жуық уақыт өтсе, қазақстандық телевидение тарихының куәгері болған кеңсе жоқ дегенге әлі сене алмайтынын айтады .

«Сол кез жүрекке жаман тиді. Сенер, сенбесіңді білмейсің. Өңім ба, түсім емес пе деп жүрдік. Бәрі жанға қатты батты. Осы ғимаратта жұмыс істегеніне 14 жыл болған еді», — дейді ол.

 

Еске сала кетейік, қазіргі күні бүліктен қираған «Қазақстан» ұлттық телеарнасы ғимаратының орнына заманауи жаңа медиаорталықтың құрылысы басталды. Жаңа медиаорталық 2023 жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Редакциядан

«ҚазАқпарат» ХАА командасы Алматыда да, Қазақстанның өзге өңірлерінде де Қаңтар қасіреті кезінде қылмыскерлер мен тонаушылардың әрекетін өз көзімен көрген оқырмандарымыз аз емес екеніне сенімді. Оқырмандарымызды өз оқиғалары жайлы әңгімелеп беруге шақырамыз. Бізге мына электрондық пошта арқылы хат жазуға болады: rusred@inform.kz, kazred@inform.kz.

Бізбен әлеуметтік желілер арқылы да байланысуға болады:

 

Telegram: @qazaqparat_kz, @kazinform_news;

 

Facebook: @KazakparatKZ, @Казинформ;

 

Instagram: @qazaqparat_kz, @kazinform.

 

Қаңтар қасіреті жайлы айтылмаған оқиға қалмауы керек.

Другие новости

Back to top button