«Қанша жақтырмасаңдар да, айтайын, Қазақстанның Ресей тарапымен келіссөздері алдағы уақытта сиремейді»
Мұхтар Түменбай, қаламгер
«Тоқаевтың Сочиге сапары сөз болып жатыр кешелі бері. Көбі жақтырмады білем бұл келіссөзді. Тіпті алдында Эрдоғанды табалағандар, бұл жолы Тоқаевты да сатқындар қатарына жатқызып үлгерді. Тағы бір бөлігі мәз, бұл жолы Путин президентіміздің аты-жөнін дұрыс айтты деп. Кей саясат танушы дегендеріміздің өзі сол фактінің айналасынан шықпай қалды.
Қанша жақтырмасаңдар да, айтайын, Қазақстанның Ресей тарапымен келіссөздері алдағы уақытта бұдан да жиілемесе сиремейді. Күнде өзгеріп, аумалы-төкпелі болған күрделі саяси жағдай соған мәжбүрлейді. Нақты осы кездесуге келер болсақ, оның қажеттілігі туындағаны рас. Біріншіден, соңғы кездегі Ресей саясаткерлерінің агрессивті мәлімдемелері ең алдымен Қазақстан халқын едәуір алаңдатып қойды. Әсіресе РФ экс-президенті Медведевтың өз парақшасында жариалаған мақаласы тіпті үлкен дүрбелең туғызды. Ресей Украинаны жеңсе де, жеңбесе де келесі назарын бізге салады деген күдік ұялады ел ішінде. Осы тәрізді күдіктерді сейілту үшін де керек болды бұл кездесу. Сочидегі келіссөздің зіл батпан салмағы болғанын екі президенттің ресми мәлімдемелерінен-ақ байқауға болады.
Мәселен менің назарым Тоқаевтың мына бір сөзіне түсті:
«Бізді ортақ шекара біріктіреді. Ол – әлемдегі құрлық бойымен өтетін ең ұзын және ең бастысы толығымен делимитацияланған шекара.» — деді ол.
Кез келген саяси мәлімдеменің басым бөлігі екі жақты реверансқа толы сылдыр су болатыны белгілі. Бірақ, сондай көп сөздің ішінде белгілі бір тараптың басты позициясын айқындайтын бір дәнегі болады. Менің пайымдауымша бұл жолғы әңгіменің басты түйіні де осы жалғыз «толығымен делимитацияланған шекара» деген сөзде жатыр. Мұның ар жағында «Қазақстанның ешкімге берешегі жоқ, ешбір ел бізге территориалдық талап қоя алмайды. Ресей де қазіргі шекараларымызды ресми мойындаған, шарттарға қол ғойған, парламенттерінде ратификацияланған. Сондықтан да, бізге қоқан-лоққы көрсетуге еш негіздерің жоқ» — деген сәлемдеме жатыр.
Тағы бір жерінде Тоқаев «Біздің ынтымақтастығымыздың болашағына қатысты пессимистік болжамдар жасауға негіз жоқ! Осыдан 30 жыл бұрын Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қойылды. Ал 2013 жылы осы шарт сіз қол қойған жаңа құжатпен толықтырылды»-деп Путиннің өзіне қаратып айтты. Мұнда да Қазақстан Президенті біз әлі де одақтаспыз, дегенмен Ресей тарапынан біздің елге қарсы әрекеттер жасалса, онымен сендер өздерің қол қойған келісімдеріңді бұзған боласыңдыр. Ондайды әлемдік қауымдастық ешқашан мақұлдамайды, сол себепті бізді қолдайды, тағы бір қателік жасаудан сақтанғандарың жөн дегенді жеткізгендей болды.
Жалпы мұндай мәлімдемелер ешқашанда тектен-тек жасалмайды. Демек, жағдай күрделі, алдын- ала ескерту жасайтын уақыт келді, ертең екі жақ та опынып қалмасы үшін.».
Мұхтар Түменбай, қаламгер
Дереккөз: facebook.