Госорганы

Қандас мәртебесін алған этникалық қазаққа қандай қызметтер қолжетімді

Қазақстан Үкіметі этникалық қазақтарды репатриациялау саласында белсенді мемлекеттік қолдау жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қоныс аударуға және тұрғын үйді жалдау жөніндегі шығыстарды жабуға арналған субсидиялармен қатар қандастарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары және басқа да жеңілдіктер беріледі.

Қандас мәртебесін алуға немесе ұзартуға, сондай-ақ қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге өтінішті этникалық қазақтар жергілікті атқарушы органдарға, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға және Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне бере алады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы Үкімет қандастарды қоныстандыру үшін айқындаған өңірлерге – Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына бөлінеді.

Бұл ретте өңірлік квотаға енгізілген қандастарға көшуге (отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК-тен біржолғы төлем) және 12 ай ішінде жалдау шығыстарын жабуға және коммуналдық қызметтерді төлеуге (отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде) субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді.

Сонымен қатар қандас мәртебесін алған этникалық қазаққа келесі қызметтер қолжетімді:

– Ел аумағына кіру кезінде көлік құралдарын қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған мүлікке кедендік төлемдерді төлеуден босату;

– қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегін бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін қамтамасыз ету;

– техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін оқу ұйымдарына оқуға түсуге квота шеңберінде білім алу (Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін квота 4% мөлшерінде белгіленген);

– Қазақстан азаматтарымен тең жағдайда жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтамасыз ету;

– мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға өтініш беру мүмкіндігі.

Бұдан басқа елде тұрақты тұратын қандастар жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алады.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 9 077 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандастар мәртебесін алды. 1991 жылдан бастап республикаға барлығы 1 млн 96,9 мың этникалық қазақ оралды.

Осы жылдың басынан бастап Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы (69,9%) Өзбекстаннан, 10,3% – ҚХР-дан, 7,1% – Түркіменстаннан, 4,0% – Моңғолиядан және 8,7% – басқа елдерден келген.

Другие новости

Back to top button