Бейжіңде 23 мамырда «Синьхуа» ақпарат агенттігінің бастамасымен өткен форумға Орталық Азия – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттерінің БАҚ өкілдері келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өңір елдерінің ақпарат агенттіктерінің ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқылау барысында ҚР Президенті Телерадиокешені бас директорының орынбасары Тілеген Әбішев сөз сөйледі.
Т. Әбішев көпжақты форматтағы ынтымақтастық үшін жаңа өсу нүктелерін іздеудің маңыздылығын атап өтіп, «бірлескен өндірісте инвестициялық және бизнес-бағыттағы жобаларға, халықтарымыздың бай мәдениеті мен тарихына басымдық беру керегін» атап өтті.
«Синьхуа» АА президенті Фу Хуаның айтуынша, ақпарат агенттіктер өңірдегі барлық елдердің салауатты және үйлесімді дамуына ықпал ететін өзара тиімді ынтымақтастық бейнесін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Ақпарат пен тәжірибе алмасу, өзара оқыту және қолдау көпжылдық достық пен іскерлік серіктестікті нығайтады.