Госорганы

Президент тапсырмасы: сауат ашу мен қарызсыз қоғам және Алматыдағы ахуал

Алматыда 9 қаржы пирамидасының жолы кесілген

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 6 қазандағы №1038 Жарлығымен бекітілген 2022-2026 жылдарға арналған қаржылық мониторингті дамытудың бекітілген тұжырымдамасына сәйкес техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие процесіне қаржылық қауіпсіздік жөніндегі тақырыптарды енгізу көзделген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында да халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша тапсырмалар берген еді.

«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛМАҚ

Президент өз Жолдауында «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы мейлінше көп тұрғынды қамту жайлы айтты.

Бұл тапсырманы Үкімет жүзеге асыруды бірден бастап та кетті.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Қарызсыз қоғам» Президент Үкіметке «Қарызсыз қоғам» жобасын бүкіл елімізге ауқымды етуді тапсырғанын айтты.

«Бұл ретте Үкімет мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қажетті жұмыстар атқаруда. Ол 6 негізгі бағыт бойынша 25 іс-шараны қамтиды. Сондай-ақ, бірігіп іс-қимыл жасау үшін мемлекеттік органдар мен «AMANAT» партиясы арасында Ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Жол картасының әрбір бағыты бойынша жұмысты үйлестіру үшін әкімдіктерде жауапты лауазымды тұлғалар бекітілді. Республикалық маңызы бар 3 қалада және еліміздің 17 өңірінде халықпен тікелей жұмыс істейтін өңірлік жобалық кеңселер құрылуда», — деді ол.

Жамаубаев атағандай, жобалық офистердің негізгі міндеті — кредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу, қаржылық алаяқтықтан қорғау, сондай-ақ, азаматтардың банкроттық мәселелерін шешуге, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу және бизнесті қолдау шараларын ұйымдастыру.

«Әкімдіктер жобалық офистердің жұмысы үшін қажетті ғимараттар мен материалдық-техникалық базаларды бөледі. Оған банктер қаржылық жағынан ықпалдасатын болады. Жобаның тағы бір маңызды бағыты – азаматтардың, оқушылар мен студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыру. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарының студенттері үшін қаржылық сауаттылық курстарын енгізу пысықталып жатыр. Оқушылар үшін арнайы курс әзірленуде. Ол үшін тиісті әдістемелер мен оқу құралдары дайындалады. Нәтижесінде осы бағыт шеңберінде 750 мың оқушы мен студенттерді оқыту жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер «Ауыл Аманаты» бағдарламасы шеңберінде несие алу үшін тұрақты негізде кеңестер береді», — деді ол.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та банктерден шектеусіз кредит салдары халық үшін үлкен әлеуметтік проблемаға айналып отырғанын жеткізген еді.

«Жасыратыны жоқ, қазір банктерден шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен батып отырған азаматтарымыз көп. «Халық несие қамытын киіп отыр» десе де болады. Адамдардың несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауатының төмендігі үлкен әлеуметтік проблемаға айналды. Қазіргі уақытта халықтың 84 пайызында, яғни 8,4 миллионнан астам адамның қарызы бар екен. Соңғы бір жарым жыл ішінде бұл көрсеткіш 27 пайызға өскен. 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – шамамен 1,4 трлн теңге. Яғни, 1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр деген сөз. Осының бәрі несие проблемасының қаншалықты асқынып кеткенін көрсетеді», — деді Мәжіліс спикері.

Оның айтуынша, қаржы институттарының тартымды жарнамасы, несие алу тәртібінің жеңілдігі мен қолжетімділігі – мұның бәрі қазақстандықтардың ойланбастан несие ала бастағанына әсер етеді.

«Ойлап көріңізші, бүгінде 14-16 жастағы жасөспірімдер де онлайн несие ала алады. Смартфон мен интернет болса болғаны. Бұл жаста қаржылық жауапкершілік бола ма? Соның салдарынан ол несиелерді кейін олардың ата-аналары мен ата-әжесі төлейді. Адамдар ойланбастан несие ала бастады. Кейде мүлдем қажет емес нәрселер үшін алып жатады. Екі немесе одан да көп несие алу әдеттегі тәжірибеге айналды. Сосын бұл құлдықтан әйтеуір құтылу үшін, бұрынғысын жабу үшін, жаңадан несие алу үшін банктерге қайта-қайта жүгінуге мәжбүр», – деді ол.

Қошанов көптеген азамат өзінің қаржылық құқығын біле бермейтіндіктен, қайта-қайта қарызға ұрынып жататынын айтты.

«Осының алдын алу үшін «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын бастаған болатын. Бұл бағдарлама қысқа уақыттың ішінде тиімділігін көрсетті. Президент те өз Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасына ерекше тоқталып, жалпыхалықтық бағдарламаға айналдыру керектігін айтты. Қазір бұл жоба Үкіметпен, құзырлы органдармен және жергілікті әкімдіктермен бірге бүкіл ел бойынша іске асырыла бастады. Бүгінгі таңда 52 000 адам оқытылды. Егер жөн-жосықсыз кредит алу азаймайтын болса, мемлекет тарапынан халықтың табысын көтеруге бағытталған шаралардың нәтиже беруі екіталай. Ең бастысы бұл әр азаматқа, әр отбасына тікелей қатысты өткір мәселе. Сондықтан, біз бұл проблеманы мұқият зерттеп, оңтайлы шешімін табуымыз керек», — деді Ерлан Қошанов.

Бұдан басқа, келер жылдан бастап барлық аудан мен облыс орталығында «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңселері ашылады. Онда қаржылық сауаттылық бойынша мамандар жұмыс істейді. «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев бұл жобалық кеңселер қалай жұмыс істейтінін айтты.

«Биыл оқыту тек 8 өңірде жүргізілсе, енді ол бүкіл еліміз бойынша, тек ауылдарда ғана емес, аудандық, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда да қолжетімді болады. Осы жылы біз ешкімді шектемедік, тыңдаушылардың арасында қарызын өтей алмай жүргендермен қатар ешқашан несие алмаған азаматтар да болды. Бұл жолы біз несиесін төлеу мерзімі 90 күннен асқан 1,5 миллион адамға баса назар аударғымыз келеді. 2024 жылы 200 мың адамды оқыту жоспарлануда, қосымша қаржылық сауаттылық бойынша курстар мектептер мен жоғары оқу орындарында өткізіледі. Бұл жалпы 1 млн қазақстандықты қамтуға мүмкіндік береді», – деді Эльдар Жұмағазиев.

Қаржылай сауаттылықты мектеп бағдарламасына да енгізу қарастырылып жатыр. Білім беру бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева оқушылардың қаржылай сауаттылығын арттыру бойынша пәнді қайта қарау қарастырылып отырғанын айтты.

«Қаржылық сауаттылық бойынша қосымша пән енгізу туралы мәселе көтерілген еді. Алайда мұндай курс 2021 жылдан бастап 5-11 сыныптар аралығында оқытылатын «Жаһандық құзыреттілік» пәні аясында мектеп бағдарламасында бар. Ал 1-4 сынып аралығында қаржылық сауаттылық курсы «Дүниетану» пәніне біріктірілген. Бізде онсыз да оқушылардың жүктемесі үлкен, сондықтан тағы да қосымша пән енгізу тиімді емес. Біз бағдарламаларымыздың мазмұнын, әсіресе оларды өзектендіру үшін «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні бойынша қайта қарауға дайынбыз», – деді ол.

САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Экономист Мақсат Халық қаржы пирамидалары мен алаяқтардың арбауына түспеу үшін қаржылық сауаттылыққа дағдылану керегін айтады.

«Қаржылық сауатсыздық өте көп шығынға әкеледі. Отбасылардың ажырасып, әлеуметтік шиеленіске алып келеді. Әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауына, ел дамуының кері кетуіне әсер етіп жатыр. Сондықтан әрбір азаматтың қаржылай сауатты болуы — бүгінгі күннің негізгі талабы. Оның үстіне қазіргі таңда қаржылық алаяқтар да көбейген. Олардың әдістері де заманға сай өзгеріп келеді. Хакерлік шабуылдар, қаржылық пирамидалар бар. Оның барлығы қоғамның шынайы бейнесіне айналды. Көп азамат қаржылық сауаттылық үнемдеу деп ойлайды. Бірақ қаржылық сауаттылықты қаржыны орынды, парасаттылықпен жұмсау деп айтатын едім. Қазіргі уақытта өзіңізді дамытуға ақшаны аяудың қажеті жоқ. Өзіңіздің жақындарыңыздың алдында жомарттық танытқан да дұрыс. Бірақ оның барлығы ретімен болуы керек», — деді сарапшы.

Ал Finprom сарапшыларының зерттенуіне сүйенсек, биылғы қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы («Қаржылық (инвестициялық) пирамида құур және басқару») бойынша 69 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 22,5%-ға аз.

Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылдың осы кезеңінде 89 құқықбұзушылық тіркеліп, алдыңғы жылдан 44,4% төен көрсеткішті құраған.

«Өңірлік тұрғыда мұндай құқықбұзушылықтардың басым бөлігі Алматы қаласында тіркелген: бір жыл бұрынғы 12 жағдайға қарсы 9 жағдай. Одан кейін Астана қаласы, сондай-ақ Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары тұр: облыстардың әрқайсында 7 жағдайдан тіркелген. Сондай-ақ Атырау, Қарағанды ​​облыстары мен Шымкент қаласы да аталған қылмыс саны жағынан алдыңғы орындарда тұр: облыстардың әрқайсында 5 жағдайдан тіркелген», — дейді сарапшылар.

Мұндай құқықбұзушылықтардың ең азы Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында тіркелсе, Алматы облысында бұл сипаттағы бірде-бір құқықбұзушылық тіркелмеген.

«Биылғы жеті айда қаржылық пирамида құрбандарының саны 1,3 мың адамға жеткен, бұл 2022 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда бірден 3 есеге көп көрсеткіш. Алданғандардың көпшілігі – әйелдер: 921 адам. Сондай-ақ зардап шеккендердің арасында 7 кәмелетке толмаған мен 48 зейнеткер бар», — деоінгген зерттеуде.

Жас тұрғысынан алғанда 1 жәбірленуші 14-15 жаста, 6 жәбірленуші 16-17 жаста, 42 жәбірленуші 18-20 жаста, 242 жәбірленуші 21-29 жаста, 382 жәбірленуші 30-39 жаста, 340 зардап шеккен – 40-49 жас аралығында, 181 құрбан – 50-59 жас аралығында, 81 құрбан – 60 жаста және одан жоғары.

Айта кетерлігі, жәбірленушілер саны үш есе өскеніне қарамастан, мұндай құқықбұзушылықтан келген залал мөлшері 7,9 млрд теңгені құраған, бұл – бір жыл бұрынғы көрсеткіштен небәрі 3,3%-ға ғана артық. Оның ішінде 7,7 млрд теңге жеке тұлғаларға, 176,7 млн ​​теңге заңды тұлғаларға келтірілген залал.

«Биылғы жеті ай қорытындысы бойынша қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және басқаруға қатысы бар 82 адам ұсталды», — дейді сарапшылар.

АЛМАТЫДА АЛАЯҚТЫҚПЕН КҮРЕС ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП ЖАТЫР?

Қазіргі уақытта қаржы пирамидаларын бастапқы кезеңде жою шаралары қолданылуда. Алматының өкілетті қызметтерімен адамдарды алаяқтық жолмен арбайтын 376 интернет сілтеме бұғатталды.

Экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Жақсылық Мырзаханның айтуынша, жыл басынан бері 9 қаржы пирамидасының жолы кесілді – 3000 адам олардың құрбаны болған.

Сондай-ақ, жыл басынан бері интернет-ресурстарды тексеретін «Байқа пирамида» Telegram-боты іске қосылды.

«Енді біздің азаматтар сайттар мен әлеуметтік желілердің финпирамида белгілерінің бар-жоғын өз бетінше тексере алады. Бұл олардың «алаяқтық» схемаларға алдануына жол бермейді. Әзірленген өнім халық арасында үлкен сұранысқа ие екендігі қазірдің өзінде байқалады. Қысқа уақыт ішінде азаматтардан түскен 6 мыңнан астам өтінім қаралды, оларға бот автоматты түрде жауап берді», — деді Жақсылық Мырзахан.

Келесі қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар жауапқа тартылды және ұзақ мерзімге сотталды: «Innova Gold», «IG Group KZ», «Qozgan, Tender», «Rich Beach», «Альфа Сейлс Консалтинг», «ESS Group» және «Qnet». «Energy Eolus Qazaqstan» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

«Ұйымдастырушылар сенімді азаматтарға жаңартылатын энергия көздерін және энергияны сақтау объектілерін жоспарлау, салу және пайдалану жобаларына ақшалай қаражаттарын салуды ұсынды, бұл тәулігіне 2,7% — дан 3,4% — ға дейін, яғни айына 80% — дан астам және жылына 950% — дан астам табыс түседі деп уәде берді. Салым сомасы 30 доллардан 2700 долларға дейін. Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында 11 қалада, атап айтқанда Ақтөбе, Астана, Көкшетау, Өскемен, Атырау, Орал, Қызылорда, Павлодар, Шымкент, Кентау, Семей қалаларында кеңселер орнатылды, сондай — ақ ұйымдастырушылардың шетелде екендігі анықталды», — деді Мырзахан.

Сондай-ақ, жеке тұлғаларға келтірілген залал сомасы 1,8 млрд теңгеден асады.

Мемлекеттік орган өкілдері атап өткендей, қаржы пирамидасына кіру ерікті негізде және ешқандай құқыққа сүйенбей жүзеге асырылады және ешкім салынған қаражатты қайтаруға кепілдік бермейді. Алайда, аяқталған қылмыстық істер бар, онда азаматтар салынған ақшаны қайтарып алған кездер де болған.

Осылайша, қабылданған шаралардың нәтижесінде ЭТД қызметкерлері банк шоттарына, ұйымдастырушылардың жылжымалы және жылжымайтын мүліктеріне тыйым салды.

Мысалы, «World Business Consulting» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық іс бойынша сегіз жәбірленушіге 126 млн теңге сомасына залал өтелді.

«B2B Jewerly» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық іс бойынша 1200-ден астам жәбірленушіге 700,1 млн теңге сомасына залал өтелді. 2,2 млрд теңге сомасына мүлікке тыйым салынды.

«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, азаматтарды елімізде қарқын алып жатқан интернет-алаяқтықтан да сақтандырғым келеді. «Жалған қаржы» ұйымдарының ұсыныстарын тарату жағдайлары жиілеп кетті. Олар ақшаны мұнай өндіруші компаниялардың, белгілі банктердің және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ірі жобаларына жоғары және пассивті кіріс түседі деген уәдемен инвестициялауға шақырады», — деді спикер.

Сондай-ақ, ол ұйымдастырушылар адамдарды өздеріне сендіру үшін танымал жаңалықтар порталдарының логотиптері мен дизайнын қолданатынын, сондай-ақ белгілі тұлғалар мен жоғары лауазымды шенеуніктердің есімдерін атайтынын атап өтті.

«Мұндай ресурстарға кіре отырып, сіз өзіңіздің сауалнамалық деректеріңізді толтырмауыңыз керек. Осыдан кейін олар қоңырау шала бастайды, алданған адамның аты-жөнін атап, өздерін банктің немесе құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырады және сізге несие рәсімделгенін немесе қылмыстық іс қозғалды деп алдайды», — дейді ол.

Другие новости

Back to top button