Госорганы

Президент: Бүкіл әлем Қазақстанның жаңа мазмұн мен бейінге ие болғанын мойындайды

Қазақстан ұлттық мүддені қорғауға, бейбітшілік, сенім және ынтымақтастық құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған белсенді сыртқы саясат жүргізеді. Бұл туралы бүгін Алматы жұртшылығымен кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз өзіміздің прогрессивті күн тәртібімізді ілгерілетуіміз қажет. Бұл біздің қазіргі заманғы геосаяси шындықта рөлі артып отырған дипломатиямызға да қатысты. Қазақстан ұлттық мүддені қорғауға, бейбітшілік, сенім және ынтымақтастық құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған белсенді сыртқы саясат жүргізеді. Сыртқы саясатымыз еліміздің қауіпсіздігін нығайтуға, инвестиция тартуға, көлік-транзиттік әлеуетті дамытуға, экспортты ілгерілетуге бағытталған. Мұның бәрі түптеп келгенде халқымыздың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді», — деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстан халықаралық мәселелерде барлық уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымының әмбебап қағидаттарын ұстанатынын баса айтты. Дегенмен, бұл ұйымның өзі де реформаларды қажет етіп отырағанын атап өтті.

«Бұл әсіресе әлемнің әртүрлі өңірлерінде әскери жанжалдар туындап, мемлекеттер арасындағы сенімсіздік артқан, террористік және гибридті қатерлер күшейген кезде өте маңызды. Еуразияның дәл ортасында орналасқан Қазақстан олардың әсерін сезінеді. Бірақ, түпкілікті мақсаты қуатты мемлекет, әділетті қоғам құру болатын реформалардың белгіленген жолынан таймаймыз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚР Президенті жалпыұлттық диалогтың, азаматтық қоғамның белсенділігінің арқасында ауқымды саяси түрлену сезіліп отырғанына назар аудартты. Саяси реформалардың 4 топтамасы жүзеге асырылғанын айтты.

«Бұл реформалар халықаралық қоғамдастықтың қолдауына ие болып отыр. Қазақстанды жаңғырту бағытындағы күш-жігерімізді реформаларды шектеу деп, бұған шетелдік саясаттанушылар мен сарапшыларды иландыруға тырысып жүргендердің әрекеті мүлдем қате. Шындығында өте үлкен жұмыс жасалды. Бүкіл әлем Қазақстанның жаңа мазмұн мен бейінге ие болғанын мойындайды. Мұнда ешқандай асыра айту жоқ. Ең бастысы реформалар мұнан ары дамып келеді. Қазақстан қарқынды дамып, барлық тоқырауға ұшыраған құбылыстардан арылатын болады», — деді Мемлекет басшысы.

Другие новости

Back to top button