ГлавноеГосорганы

Президент Ақпарат министріне діни бірлестіктер мен этносаралық қарым-қатынасты айрықша назарда ұстауды тапсырды

Мемлекет басшысы Ақпарат және қоғамдық даму министрін қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәліні қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Дархан Қыдырәлі министрліктің ақпарат, қоғамдық даму, дін және этносаралық қатынастар, азаматтық сектор, сондай-ақ жастар және отбасы саясатын жүзеге асыру бағытында атқарып жатқан жұмыстары жөнінде баяндады.

Сондай-ақ ол министрлік өз жұмысында отандық телесериалдар өндірісі көлемін ұлғайтып, оларды шетелге таратуға, медиа сауаттылықты арттыруға, сондай-ақ азаматтық қоғаммен өзара қарым-қатынасты жандандыруға айрықша мән беріп отырғанын жеткізді.

Мемлекет басшысы министрлік азаматтық қоғам институттарымен барлық деңгейдегі байланысты күшейтіп, әр саладағы өзекті мәселелерді қоғаммен кең көлемде талқылауға ашық болуы қажет екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Дархан Қыдырәліге жастар саясатына қатысты бағдарламаларды тиімді жүзеге асыруды, діни бірлестіктер мен этносаралық қарым-қатынас бағытын айрықша назарда ұстауды тапсырды.

Другие новости

Back to top button