Госорганы

Премьер-министр жанармайдың қымбаттауы инфляцияға қалай әсер ететінін айтты

Премьер-министр Әлихан Смайылов үкімет инфляцияны тежеу үшін жедел әрі жүйелі шаралар қабылдайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

 

Әлихан Смайылов үкімет отырысынан кейін жанармай бағасына қатысты мәлімдеме жасады. Журналистер одан бензин мен дизель бағасының өсуі одан әрі қымбатшылыққа әкеп соқпай ма деп сұрады.

 

 

«Шынымен де жанармай бағасының өсуі инфляциялық процестерге белгілі бір әсерін тигізеді. Дизель отының тұтыну себетіндегі үлесі 0,4 пайыз, ал АИ-92 бензинінің үлесі 2%-ке жуық. Осылайша инфляцияның жалпы деңгейіне тікелей әсері 0,35 пайызды құрайды. Бұл тікелей әсері», — деді Смайылов.

 

 

Бірақ, айтуынша, бұдан бөлек жанама әсері де бар. Өйткені дизель мен бензинді тауар өндірушілер де тұтынады.

 

«Белгілі бір мультипликативті әсері болады. Президент біздің алдымызға жыл соңына дейін инфляцияны екі есе төмендету міндетін қойды. Сол себепті үкімет инфляцияны тежеу үшін жүйелі және жедел шаралар қабылдап жатыр», — деді премьер.

 

Ол наурыздың қорытындысы бойынша инфляция қарқыны әжептәуір бәсеңдегенін айтты. Егер ақпан айында жылдық инфляция 21,3% болса, өткен айдың қорытындысы бойынша 18,1%.

 

«Осы тенденцияны одан әрі жалғастырамыз, кешенді шараларды жүзеге асырамыз», деп сендірді үкімет басшысы.

 

 

Другие новости

Back to top button