«Полицейлер ұстау үшін Түркістаннан Қызылордаға келді»: Қоғам белсендісі Алмасбек Садырбай билік тарапынан қысымға ұшырағанын мәлімдеді (видео)

Қоғам белсендісі және агро сарапшы Алмасбек Садырбай билік тарапынан қысымға ұшырағанын мәлімдеді. Сөзінше, Түркістан облысының полицейлері белсендіні ұстау үшін арнайы Қызылорда қаласына келген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Алмасбек Садырбай полицейлердің Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының нұсқауымен келгенін мәлімдеді.
«Арнайы Түркістаннан Қызылордаға не себепті келдіңіздер? Түркістан ішкі істер департаментінен келіпті. Дархан хан арнайы жіберіпті. Ат терлетіп келген жігіттерге обал-ай», – деді белсенді өз видеосында.
Оқиға туралы пікір білдірген «Shopan-ata» Қазақстан қой өсірушілер Ұлттық қауымдастығы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының бейнежазбада айтылған айыптарға ешбір қатысы жоқ екенін хабарлады.
«Жарияланған материалдағы айыптаулар – жалған ақпарат. Егер жалған ақпарат тарату тоқтатылмаса, ресми түрде құқық қорғау органдарына хабарланатындығын ескертеміз», – делінген хабарламада.
Ал Түркістан облыстық полиция департаменті белсендіні ұстауға 12 қазанда облыс әкімдігі ғимараты алдында өткізген акция себеп болған.
«12.10.2022 жылы сіздің Түркістан қаласындағы облыс әкімдігі ғимаратының алдында ауыл тұрғындарын жинап, заңсыз шеру өткізуіңіздегі іс-әрекеттеріңіз сараланып, қолда бар материалдарға сәйкес Сіздің іс-әрекетіңізде ҚР ӘҚБтК 488-бабы 7-бөлігінде «Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу» көзделген құқық бұзушылық белгілері бар екені байқалды. Осыған байланысты орналасқан жеріңізді анықтап, заң аясында құқықтық баға берілу үшін органдарға жеткізілуіңіз қажет болатын. Алайда сіз сақшылардың заңды талабына бағынбай, қарсылық білдіргенсіз», – делінген хабарламада.
Сонымен қазіргі таңда полицейлердің іс-әрекетіне байланысты қызметтік тергеу басталды. Оның да нәтижесі бойынша заңды шешім қабылданатын болады.
Айта кетейік, Түркістандық шаруалар облыс әкіміне тізерлеп отырып, көмек сұраған еді. Шаруалар мәселесін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының өзі шығып тыңдамағандықтан, осындай әрекетке амалсыз барған.