Пирамидаға шыққан тәжікстандықтардың өздері – Әкімдік жәрмеңкедегі видеоға түсінік берді
Астана қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев Тәжікстан ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысты әлеуметтік желіде тараған видеоларға пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Шынымен де Тәжікстан Республикасының мәдени күндері аясында үлкен іс-шара ұйымдастырылды. Ол – Тәжікстанның Соғды облысы шаруаларының жәрмеңкесі. 300-дей ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 1 мың тоннадан астам өнім әкелді. Иә, аталған тауарларды адамдардың алып кеткенін көрдік. Бірақ, тәжік достарымыз ол тауарларды тегін алуға болатынын айтқан. Өйткені, өнім күннің астында бұзылып кетуі мүмкін еді. Өнімдер өте сапалы. Бүгінде Тәжікстаннан қарбыз жеткізілмейді. Өйткені, жеткізу өте қымбат. Сондықтан да адамдар Тәжікстанның тәтті қауыны мен қарбызының дәмін татқысы келді. Өзім де дәмін көрдім, өте тәтті», — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі дөңгелек үстел отырысында.
Оның атап өтуінше, жәрмеңке өте жақсы өткен. Тәжік ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 2 күнде 1 мың тоннадан астам өнімнің бір бөлігін сатып, бір бөлігін тегін таратты.
«Пирамидаға өрмелеп шыққан Тәжікстаннан келген қонақтардың өздері болды. Олар сол жерден жеміс-жидекті алып, адамдарға тегін таратты. Біздің тұрғындар пирамидаға шыққан жоқ», — деді Мақсат Жанабаев.
Еске сала кетейік, біз бұған дейін Тәжікстанның елордадағы көрме-жәрмеңкесі мерзімінен бұрын аяқталғанынхабарлағанбыз.