Петропавлда су тасқынының қатты толқыны болады: әкімдік халықты көшіріп жатыр

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов 28-30 сәуір күндері Петропавлда су тасқынының қатты толқыны болатынын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыс әкімінің айтуынша, биыл Сергеев су қоймасында алғаш рет үшінші толқын байқалып отыр.
«Есіл өзеніндегі су деңгейі артып отыр, соған байланысты су жылдағыдай жайылма алқаптарға таралып жатыр. Қазір су Заречный кенті мен Речпорт маңындағы саяжай учаскелеріне жайылған. Бұл саяжайларда тұрғындар жоқ, ТЖД мен полиция бекеттері қойылды. Ойқала мен Былғары кентіндегі, Қызылжар ауданының Тепличное және Прибрежное ауылдарында жағдай ерекше бақылауда», — деп хабарлайды әкімдік.
Облыс әкімі су тасқыны аяқталғанға дейін тиісті қызметтер тынымсыз жұмыс істейтінін мәлім еткен.
«Есіл өзенінің жайылма алқабында орналасқан Заречный кентінде 6 көпқабатты және 90 жеке үй, №13 орта мектеп пен түзеу мекемесі бар. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мүлкін қорғау мақсатында Заречный кентінің тұрғындарын қауіпсіз аймақтарға көшіру туралы шешім қабылданды. Осы мақсатта 90 және 72 пәтерлі екі көпқабатты үй салынып жатыр. Сонымен қатар, жаңа түзеу мекемесі мен Копай шағын ауданында 600 орындық мектеп салынады», — деп хабарлаған әкімдік.