Северо-Казахстанская область

Петропавл әкімдігі 32 млн теңгеге аялдама сатып алмақ

Мұндай бағаға Қызылжарда бірнеше пәтер сатып алуға болады

Петропавл қалалық әкімдігі 32 миллион теңгеден астам қаржыға екі аялдама сатып алмақ. 15 қараша күні мемлекеттік сатып алу сайтында осындай байқау жарияланды. Тапсырыс беруші – қалалық тұрғын үй комуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімі. Талап бойынша жабық аялдамалар жазда желдетіліп, қыста жылытылады. Мұндай бағаға Қызылжарда бірнеше пәтер сатып алуға болады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланған талаптарға сай павильонның жалпы ауданы кемінде 41 шаршы метр болуы шарт және 43 шаршы метрден аспауы керек. Нысан үш бөлмеден тұрады. Оның ішінде екеуі жылытылады және біреуі жазғы. Аялдама жылу батареялары, кондиционер, орындық, энергия үнемдейтін шамдар және қоқыс жәшіктерімен жабдықталуы шарт. Жоспардағы нысандардың әрқайсысы бір мезетте 30 адамнан сыйдыра алады.

Ал төбесі металл жабынмен қапталады. Еденге керамикалық плиткалар төселмек. Есік-терезесі пластиктан жасалады. Жаңа аялдамалар орнатылатын аудан да белгіленіп қойған. Олардың тұратын орны да белгілі. Бірі 20-шы шағын аудандағы сауда ортылақтырының бірінің жанында және екіншісі «Берекедегі» Назарбаев Зияткерлік мектебінің жанынан орын теппек.

Әкімдік өкілдері аялдама бағасының қымбаттығын құрылыс материалдары құнының көтерілуімен түсіндірді. Бұл бағаға аялдаманы салу, орнату қызметі енеді.

«Қазір нарықтағы баға осындай. Құрылыс материалдарының құны арзан емес. Баға соған байланысты белгіленді. Аялдама – заман талаптарына сай нысан болмақ. Жарияланған байқау 8–ші желтоқсанға дейін жалғасады. Жеңімпаз тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің тапсырысымен аялдама салады», — дейді Петропавл қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.

Қалада бұл талапқа сай келетін екі аялдама бар. Аталған нысандардың екеуі де жекенің қолында. Алайда қалалық әкімдік өкілдері жарияланған байқаудың аталған павильондарға қатысы жоқ екенін айтты.

БЫЛТЫР САЛЫНҒАН АЯЛДАМАЛАР ЖАБЫҚ ТҰР

Петропавлда 16 млн теңгеге орталықта орналасқан жаңа үйлерден 1, қаланың шеткі аудандарынан 2 бөлмелі пәтер сатып алуға болады. Ал ескі үйлерден 32 млн теңгеге 3 бір бөлмелі пәтер тиеді. Бүгінде облыс орталығының өзінде ғана 15 мыңға жуық адам баспана кезегінде тұр.

Былтыр облыс орталығында осындай бірнеше аялдама салынған еді. Алайда халық әлі күнге оның игілігін көре алмай келеді.

Юлия Сейтмуллина — қоғамдық көліктің қызметін күнде пайдаланатын қала тұрғындарының бірі. 20-шы шағын ауданда орналасқан аялдаманың ашық тұрған күнін сирек көргенін айтады.

«Аялдамалар былтыр салынды. Бір жақ бөлігінде шаурма сатылды. Сол кезде қысқа уақыт қана ашық тұрды. Содан кейін кофейня жұмыс істеді. Оның да ғұмыры бір айға ғана жетті. Одан кейін есігіне ілінген құлып қозғалған емес. Жазда күннің ыстығында, қыста қақаған аязда далада тұрамыз. Балалар темір орындықтарда отырады. Енді әкімдік тағы да осындай аялдамалар салмақ. Не үшін? Қызығын халық көрмесе оның қажеті не? Жай ғана көзбояушылық, қаржыны далаға шашу деп есептеймін. Ол шенеуніктердің емес, халықтың ақшасы. Біздің төлеп жатқан салығымыз. Оны оңды-солды жұмсамай тұрғындарға пайдасы тиер іске салуға болатын еді», — дейді Юлия Сейтмуллина.

Демек, кәсіпкерге аялдамада бизнес жүргізу тиімсіз болған. Әкімдік жариялаған байқауға қатысуға оған ешкім тыйым сала алмайды.

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ПІКІРІ ҚАҚ ЖАРЫЛДЫ

Қала тұрғындарының пікірі қақ жарылды. Асқар Жүсіпов облыс орталығына мұндай павильонда қажет деп есептейді.

«Автобуспен жиі жүремін. Байқағаным, аялдамаға қарт адамдар көп келеді. Балалар да автобуспен жиі жүреді. Оларға ыңғайлы болатындай жағдай жасалуы тиіс. Қазіргі аялдамаларда не қабырға, не есік жоқ, аты ғана. Жан-жақтан жел соғып тұрады. Аязды күндері тіпті қиын. Солтүстіктің қысы қатты екенін бәрі біледі. Кейде автобустар уақытылы келмейді. 15-20 минут тұрып қаласың. Сондықтан бізге жылы павильондар қажет-ақ. Ол үшін барлық жағдай, қажетті қор бар. Әкімдік халықтан қаржыны аямауы тиіс деп есептеймін», — дейді ол.

Петропавлда 2015 жылы теміржол вокзалы ауданында «ақылды аялдама» салынды. Ішінде шағын кітапхана ашылды. Ұялы телефонды қуаттауға арналған розеткаларға дейін жұмыс істеді. Алайда халықтың қуанышы көпке бармады. Қысқа уақыт қана қызмет еткен нысан алынып тасталды.

«Бұған дейін орнатылған аялдамаларды кәсіпкерлер жасады. Павильондарды күтіп ұстауға да қаржы қажет. Шығын көп болғандықтан иелері оларды алып тастады. Оған бюджеттен қаржы шығындалған жоқ. Әкімдіктің ол павильондарға қатысы жоқ», — Петропавл қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің баспасөз хатшысы дейді Әсем Айтолла.

Другие новости

Back to top button