Госорганы

Петицияны көпшілік талқысына шығару үшін қанша дауыс жинау керек

 Мәжілісте өткен дөңгелек үстел отырысында «Қоғамдық бақылау туралы» Заң жобасын таныстырған Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров петицияны көпшілік талқысына шығару үшін қанша дауыс жинау керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Петиция авторы өтініш берген күннен бастап 20 күн ішінде Қазақстан Республикасының кемінде 150 азаматын петицияға қосылуын қамтамасыз етуі қажет.

Петициялар институты құрылған бірқатар елдерде қолтаңбалардың белгілі бір санын жинағаннан кейін петициялар көпшілікке қолжетімді болады. Осындай іріктеу орнату арқылы қоғамның қызығуын тудырмаған ұсыныстарды қарастырмауға болады», — деді Данияр Қадыров.

Заң жобасында талаптарға сәйкес келетін петицияларды құзыретті мемлекеттік орган 3 жұмыс күні ішінде қол жинау үшін интернет ресурсқа орналастыратыны айтылған.

«Әр азамат петицияға қосылу және интернет ресурста пікір қалдыру арқылы оған өз ұстанымын жария ете алады. Шекті мәнге жетпеген петиция құзыреті бойынша тиісті мемлекеттік органға, жергілікті өкілді және атқарушы органға жіберіледі. Сондай-ақ, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте белгіленген тәртіппен жеке хабарлама, үн қосу немесес ұсыныс ретінде қарастырылады.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте қаралуға тиіс келесі шекті мәндерді бекіту көзделіп отыр. Аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша халық саны 50 мыңнан асатын болса, 2,5 мың дауыс жинау қажет. 50 мыңнан төмен болса, онда аудан халқының 5 пайызының дауысы қамтамасыз етілуі керек», — деді вице-министр.

Ал ауылдық өкілді органдар, мәслихаттар бойынша қаралатын сұрақтар ондағы халық саны 50 мыңнан асатын болса, 5 мың дауыс жиналуы қажет. 50 мыңнан төмен болса, халық санының 10 пайызынан төмен болмауы керек.

«Облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерінің құзыретіне жататын мәселер бойынша әкімшілік бірлікте тұратын халық санының 1 пайызы дауыс беруі керек. Облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарының құзыреті бойынша халық санының 2 пайызынан кем емес дауыс жиналуы тиіс.

ҚР Үкіметінің құзыретіне жататын мәселер бойынша ел азаматтарының 50 мың даусы болуы керек», — деді министрдің орынбасары.

Другие новости

Back to top button