Госорганы

Петиция мақұлданды: мемлекеттік, әскери, құқық қорғау қызметкерлері құмар ойын ойнай алмайды

Мемлекеттік, әскери және құқық қорғау қызметкерлеріне құмар ойындарға тыйым салу туралы петиция бойынша жұмыс тобы шешім қабылдады. Қатысушылардың басым бөлігі оны қолдап, мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2024 жылғы 25 маусымда Туризм және спорт министрлігінде мемлекеттік, әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлеріне құмар ойындарға қатысуға тыйым салу және бәс тігу туралы петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.

Іс-шараға жұмыс тобының мүшелері, қоғам белсенділері, ойын бизнесі, лотерея қызметі саласындағы мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақпетиция авторы және «Әділдік жолы» РҚБ басшысы Дидар Смағұлов қатысты.

Отырыс қатысушыларына петицияны толық қанағаттандыруға бағытталған және талқылау негізінде жасалған қорытынды жоба таныстырылды.

Парламент Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау өз сөзінде:

«Құмар ойындар көптеген тағдырды, соның ішінде балалар мен жастарды құрдымға кетіріп отыр. Біз бұл мәселені шешуіміз керек. Мен петицияны және оған қатысты шешім жобасын толығымен қолдаймын», — деді.

«Мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындар ойнауына тыйым салуы мәселесі бұрыннан талқыланды. Басынан бастап мұндай норма пайда болады деп айтылды. Депутаттар бұл бастаманы қуана-қуана қолдады», — деді Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілі Жәнібек Наушабайұлы:

«Мемлекеттік, әскери қызметшілердің, құқық қорғау және арнаулы орган қызметкерлерінің құмар ойын ойнауына тыйым салудың және жолын кесудің сақталуын бақылау мақсатында мүдделі органдардың бірлескен бұйрығы әзірленіп, жақын арада қабылданады. Құмар ойындарға қатысу және бәс тігу фактісі расталған жағдайда, құқық бұзушылар теріс себептермен жұмыстан босатылғанға дейін жазаланады», — деді.

Отырыс YouTube бейне порталында онлайн режімде көрсетілді. Отырыс барысында мүдделі азаматтардан пікірлер келіп түсті. Пікір жазушылардың басым бөлігі петиция мен министрліктің шешім жобасына қолдау білдірді. Әрі қарай талқылаулар онлайн өтеді деп жоспарлануда.

2024 жылғы 27 маусымда заңнамада белгіленген рәсімге сәйкес, министрліктің шешімін петиция авторына ресми жолдау жоспарлануда.

Другие новости

Back to top button