Павлодарда қонақүйден өрт шығып, 220 адам эвакуацияланды
Оқиға 8 желтоқсанға қараған түні сағат 3:18-де болған
Павлодарда қонақүйден өрт шығып, 200-ден астам адам эвакуацияланды, сондай-ақ бір адам зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық төтенше жағдайлар департамертінің баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға 8 желтоқсанға қараған түні сағат 3:18-де болған.
«101 пультіне Павлодар қаласы, Торайғыров көшесі, 1 мекенжайында орналасқан «Сарыарқа» қонақүйінің бірінші қабатынан түтін шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Нысаннан 220 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 10 бала бар», — деді Павлодар қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ренат Валишанов.
Оқиға орнына 5 техника мен ТЖД 25 қызметкері жұмылдырылды. Бұдан бөлек, Павлодар облысы кезекші өрт сөндіру қызметі мен жедел құтқару жұмыстары, медицина және апаттар орталығының қызметкерлері барды.
«Өрттен бір адам зардап шекті. Алдын ала болжам бойынша, ол жанған заттардың түтінінен уланған. 1969 жылы туылған ер адам Павлодар қалалық бірінші ауруханаға жеткізілді”, — делінген хабарламада.
Тілсіз жау сағат 3:59-да оқшауланып, сағат 4:06-да толықтай жойылды.
Жалын қонақүйдің жертөлесінде басталған. Үй заттары мен жиһаздар жанған. Өрт жалпы ауданы 8 шаршы метр жерді шарпыған.