Павлодар мұнай-химия зауыты толық іске қосылды
Бүгінде Павлодар мұнай-химия зауытының (ПМХЗ) барлық қондырғысы күрделі жөндеуден кейін қалыпты технологиялық режимде жұмыс істеп тұр. Өндіріс орны жоспарланған мерзімнен ерте, яғни, 4 күн бұрын толық іске қосылды, деп хабарлады ҚазАқпарат.
«ПМХЗ» ЖШС шикі мұнай өңдеу көлемін тәулігіне 15 мың тоннаға дейін арттырды. Негізгі өнімдер (дизель отыны, бензин, битум, мұнай коксы және сұйытылған газ) штаттық режимде жөнелтіліп жатыр.
Өнеркәсіпте қауіпсіздікті қамтамасыз ету ережесіне сай жоспарлы жөндеу жұмыстары кезінде жабдықтарға ревизия жасалып, техникалық куәландыру өткізілді. Кәсіпорынның сенімді әрі тоқтаусыз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында сыйымдылық, сорғы, жылу алмасу жабдықтары, технологиялық пештердің құбырлары, технологиялық құбырлардың бөліктері, сондай-ақ, нормативтік қызмет мерзімі өткен катализатор мен адсорбенттер ауыстырылды.
Жоспарға сай баяу кокстеу қондырғысының түтін шығаратын құбыры ауыстырылды. Битум өндіретін қондырғының түтін шығаратын құбырының элементтері жөндеуден өтті. Бұдан басқа, өндіріске қажетті маңызды электр жабдықтары да ауыстырылды.
Сонымен қатар жол битумының тәуліктік өндірісін 15%-ға арттыруды көздейтін өзге де жұмыстар атқарылды. Ал «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның үш жылдық жөндеуаралық кезеңге шығу жөніндегі бастамасы аясында технологиялық қондырғыларды қосарлаушы сақтандыру клапандарымен қосымша жабдықтаудың бірінші кезеңі орындалды.
Жоспарлы түрде және алдын ала жүргізілген жөндеу жұмыстарына мердігер ұйымдардың 1 600 маманы, сондай-ақ, арнайы техниканың 49 бірлігі (автокрандар, автокөтергіштер) тартылды.