«Пәтер, көлік, қызметші береді»: Түркия мен Қазақстанда футболшыларға жасалатын жағдай туралы айтылды
Атақты «Бешікташ» клубы мен Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Бақтиер Зайнутдинов еліміздегі футболшыларға жасалатын жағдайға риза емес. Ол Қазақстанда спортшыларға аса құрмет көрсетілмейді дейді. ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында айтқандай Түркияда футболшыға үй мен көлікке дейін беріледі екен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бешікташта» тез үйренісіп кету үшін ойыншыға бар жағдайын жасайды. Тіпті, клубта футболшылардың тұрмыс-тіршілігіне көмектесетін үш қызметкер бар. Олар пәтер мен көлік қарастырып, құжаттармен көмектеседі. Сұрағаныңды істейді. Туыстарыңа виза жасатуға дейін көмектесіп тұрады. Клуб осы арқылы ойыншыларды тұрмыстағы проблемаларынан сақтайды. Бастысы – алаңға шығып футбол ойнау. Қалғанын өздері шешеді», — дейді ол.
Бақтиер Зайнутдинов түркиялық жанкүйерлердің футболға деген махаббаты таңғалдырғанын айтты. Мұндайды Қазақстаннан байқамапты.
«Мұны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Барлық жерде футбол туралы айтады! Ал футболшылар бұл жақта өте танымал. Түркия құрамасының ойыншысы болсаң, кез келген жерде керемет күтіп алады. Өте қатты құрметтейді. Өкінішке қарай, Қазақстанда мұны байқамайсың», — деді спортшы.
Айта кетейік, Бақтиер Батыржанұлы 19 жасында Қазақстан Премьер-лигасында дебют жасап, кейін «Астана» клубына ауысты. 2018 жылы «Астана» сапында Қазақстан чемпионы атанды. Сол жылы Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алды. Зайнутдинов өз шеберлігімен үздік ойыншылардың біріне айналып, 2023 жылы ұлттық құраманың ең үздік бомбардирі атанған.