Пандемия кезінде халықты қолдау үшін барымызды шаштық – Жұманғарин

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин соңғы жылдары республикалық бюджеттің шығыстары неге өсіп кеткенін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, пандемия жылдарында, 2020 жылдан бастап бюджет шығыстары шамамен 7-8 трлн теңгеге өсіп кеткен.
«Сосын Ұлттық қордан қаражатты аямай алдық. 2020 жылдан бері қордан алынған қаражат деңгейі 5 трлн теңгеден түспеді. Биыл жоспар бойынша келесі жылға нысаналы трансферттерді Ұлттық қордан сұрамаймыз. Ол деген қазір есептегенде – 3,2 трлн теңге. Осы ақшаны Ұлттық қорда қалдырамыз. Өйткені салық реформасынан жаңа кірістер күтеміз. Бірақ шығыстарымыз неге өсіп кетті? Себебі пандемия кезінде адамдарға қаражат бердік, экономика жарты жыл дұрыс жұмыс істеген жоқ, адамдар үйде отырды, 41 мың теңгеден бердік. Азаматтарымызды қолдау үшін барымызды шаштық қой», — дейді Жұманғарин Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.
Сонымен қатар, оның айтуынша, 2022 жылы елімізде айлық едәуір өсті.
«2022 жылдың басында мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтердік, содан кейін әрбір жыл индексация жасадық. 2020-2022 жылдары инфляция 22 пайыз болды. Соған байланысты міндетті түрде осы пайызға индексация жасадық. Сондықтан жалақы мықты өсіп кетті. Инфрақұрылымға да сол кездері қаражатты жақсы бердік. Соның әсерінен бюджеттің шығыстары көбейді», — деп түсіндірді Жұманғарин.
Министр экономиканың өсуі экономиканың даму бюджетіне салынған қаражатқа байланысты екенін атап өтті.