Мангистауская область

«Өзенмұнайгаз» АҚ жұмысынан 100-ден астам заңбұзушылық анықталды

Жауапты адамдарға қатысты тәртіптік жаза қолданылады

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ арнайы жұмыс тобының «Өзенмұнайгаз» АҚ және оның мердігер ұйымдарында жүргізген тексеру жұмыстарының негізгі қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникациялар орталығына сілтеме жасап.

Жұмыс тобының басшысы Д. Хасанов корпоративтік орталық деңгейінде «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметіне кешенді тексеру жүргізу былтырдан бері жоспарланғанын айтты.

«Біз еншілес мекемелердің кәсіподақ өкілдерімен тығыз жұмыс істей бастадық. Тек былтырдың өзінде Өзенмұнайгаздың кәсіподақ жетекшілерімен және мүшелерімен бірқатар кездесу өткіздік. Олар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жұмысшылардың арыз-шағымдарын жеткізді. Сол себепті кешенді тексеруді сол кезде жоспарлаған едік, ал «БерӘлі» жұмысшыларымен болған жағдай тексеруді кейінге қалдырмай бастауға түрткі болды», — деді ол.

Арнайы жұмыс тобы ҚМГ-нің, еншілес және тәуелді мекемелердің 50-ден астам қызметкерінен құрылды. Сарапшы ретінде Денсаулық сақтау министрлігі (17), Төтенше жағдайлар министрлігі (6), Экология және табиғи ресурстар министрлігі (5), Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің (18) өкілдері шақырылды. Шаруашылық қызметтің 55 нысанына, соның ішінде ӨМГ-нің 17 өндірістік құрылымдық бөлімшесі, ҚМГ-нің 8 мұнай сервис мекемесі және 30 мердігер ұйым бойынша талдау жұмыстары жүргізілді.

ӨМГ-нің қаржы-экономикалық қызметін талдау нәтижелері бойынша 118 бұзушылық пен сәйкессіздік анықталды, соның ішінде:

  • 7 факт құқық қорғау органдарына берілді;
  • 10 мәселе бойынша қызметтік тергеу жүріп жатыр;
  • 101 мәселе бойынша жауапты адамдарға тәртіптік жаза қолданылады.

Жалған жұмысқа орындарын ашу және жұмыс уақытын қосу

Одан кейін жұмыс тобының өкілдері құқық қорғау органдарына берілген 7 фактінің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтті. Мәселен, ӨМГ-нің жалған түрде сырттан жұмысшыларды жалдағаны туралы ақпарат тексерілді. ӨМГ компаниясына келтірілген шығын көлемі алдын ала есеп бойынша 47 млн теңге шамасында екені анықталды.

«Сонымен қатар 2022-2023 жылдары ӨМГ және «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС арасында жасалған келісімшартқа сәйкес, орындалған жұмыс актілеріне талдау жүргізу нәтижесінде жұмыс уақыты шамадан тыс, 311 бригада-сағатты немесе 27,8 млн теңгені қамтығаны, сондай-ақ, 69 млн теңге көлемінде жұмыстың орындалмағаны анықталды. Нәтижесінде 97 млн теңге артық төленді», — делінген хабарламада.

Одан бөлек, ӨМГ компаниясына жұмысқа алу алгоритмі бұзылғаны анықталды. Бекітілген ережеге сәйкес, жұмыс іздеушілер кезегі келгенде алдымен қаланың коммуналды кәсіпорындарында қызмет етіп, кейін ӨМГ аутстаффингінде (сырттан жалданып) жұмыс істеген соң компанияда бос орындар пайда болған кезде ғана штатқа қабылдануы тиіс. Мысалы, жұмысқа қабылдануы тиіс әкімшіліктің тізіміне кірген 44 адам қаланың коммуналды кәсіпорындарының тізімінде жоқ болып шықты («ӨзенИнвест» МКК, «Таза су» ЖШС және «Verity Group» ЖШС). Анықталған факт бойынша материалдар Жаңаөзен қ. прокуратурасына жіберілді.

«Тексеру нәтижесінде сирек қолданыстағы мамандық иесі ретінде жұмысқа қабылданған 238 адамның 17-нің біліктілігі жоқ болып шықты. Тағы 33 адам қысқа мерзімде компаниядағы өзге қызметтерге ауысып кеткен. Демек, сирек қолданыстағы мамандық иесіне деген сұранысты штатқа қабылданудың амалы ретінде пайдаланған», — делінген хабарламада.

Сонымен қатар Маңғыстау облысы оқу орындарының жалған сертификаттары ӨМГ компаниясының штатына кіру үшін пайдаланылғаны туралы фактілер де тиісті органдардың тексеруіне жіберілді.

Одан бөлек, «Өзенмұнайгаз» АҚ Корпоративті оқу орталығының хаттамасында комиссия мүшелерінің атынан әлдекімдер жалған қол қойып, жұмысқа қабылдау процедурасынан өтпеген адамдарды инженер қызметіне қабылдағаны туралы факті анықталды.

Журналистер алдында сөз сөйлеген Б.Төлеген ӨМГ компаниясына жұмысқа қабылдау ережелерін өрескел бұзушылар белден басып, әділдіктен аттап, сыбайлас жемқорлыққа негіз болған заңсыз әрекеттерге барғаны туралы күдік туғызып отыр. Бұл, өз кезегінде, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген Жаңаөзен қаласы тұрғындарының арасында әлеуметтік наразылық тудырды.

Ішкі коммуникация мәселесі

Спикерлер «Өзенмұнайгаз» компаниясындағы ішкі коммуникацияның әлсіз тұстарына бөлек тоқталып өтті. Еңбек ұжымдарымен есеп беру кездесулерінің уақытылы өткізілмеуі немесе мүлдем болмауы ақпарат кеңістігінде ӨМГ туралы жалған немесе компанияның беделін түсіретін мәліметтердің пайда болуына себеп болған. Жұмысшылар компанияның нақты жағдайынан хабардар емес, оған қатысты өзекті мәселелерді шешуге араласпайды. Мысалы, ӨМГ ұжымы үшін компанияның күрделі қаржылық жағдайы туралы ақпарат күтпеген жағдай болды. Осыған байланысты бүгінгі таңда ішкі коммуникация мәдениетін көтеру бойынша жоспар әзірленді, Компания басшылығының ұжыммен жеке кездесулерінің кестесі бекітілді.

Өндірістегі түйткілдер

Бұдан әрі жұмыс тобының жетекшісі Д.Хасанов ӨМГ-нің өндірістік процестерін тексеру қорытындыларына, оның ішінде көлікпен қамту және ұңғымаларды жерасты жөндеу мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, жұмыс орнынан уақытынан бұрын кету және көлікті гаражға ерте өткізу фактілері анықталған.

«Бірқатар басқармада 2023 жылдың 4 айында жұмыс уақытының 170 000 сағаты орындалмаған, өндірістен тыс шығыстар болжам бойынша шамамен 1,2 млрд теңгеге жеткен. Бұрғылау жұмыстары басқармасында 205 автокөліктің 199-ына GPS-трекер орнатылған, алайда олардың тек 70-і жұмыс істеп тұр», — делінген ҚМГ хабарламасында.

Сонымен қатар, ұңғымаларды жерасты жөндеу жұмыстары барысында технологиялық регламенттің сақталмауы байқалады. Ұңғымаларды жерасты жөндеу бригадасы жоспарды орындау үшін кенжарды жуу/ тазарту және ұңғымаларды сапалы сөндіру секілді негізгі жұмыстарды сирек атқарған.

Одан бөлек, ұңғымалардың тоқтап қалуына жол бермеу үшін жөндеу аралық кезеңде профилактикалық және реанимациялық жұмыстар орындалмайды.

Жөндеу бригадалары қабылдау көпірлері, превенторлар, шарлы крандар, гидрокілттер, спайдерлермен дұрыс қамтылмаған. Мұның барлығы ұңғымалардың беріктігі мен қауіпсіздігіне әсер етеді.

Сатып алудағы олқылықтар

Сатып алу және өндірісті қамту саласында да олқылықтар анықталды. Мәселен, тексеру кезінде 2023 жылға арналған сатып алу жоспары 65%-ға орындалған, соның ішінде тауар позициялары бойынша бар-жоғы 58% қамтылды, яғни тауар ұсыныстарының 42% бойынша келісімшарттар жасалмаған. Келісімшарт жасалған 61 позиция бойынша орындау мерзімі сақталмаған. Тендер құжаттамасының нашар әзірленуіне байланысты қызмет көрсету мен жұмыстар бойынша 14 сатып алу ұсынысы тоқтатылды.

Дер уақытында орындамаудың басты себептері – тауар бағаларының әлсіз маркетингі, техникалық құжаттардың сапасыз әзірленуі, бақылаудың нашар болуы және жабдықты жасап шығару процесін сол жерге барып бақылау тәжірибесінің жоқтығы.

Келісімшарт жасалып қойған позициялар бойынша кешіктіріп орындау фактілері де анықталды. Тексеру кезінде жылдық көлемнің 36% ғана орындалған, кешіктірудің негізгі себебі – міндеттердің орындалуына бақылаудың жоқтығы, міндеттерін орындамағаны үшін келісімшартты бұзу жағдайлары тіркелмеген.

Жоғарыда аталған деректердің барлығы түптеп келгенде тауарлар мен материалдық құралдардың жетіспеушілігін, өндірісті уақтылы қамтамасыз етпеу және еңбек ұжымдары арасында наразылықтың өршуіне негіз болды.

Брифинг барысында спикерлер ескертулер мен кемшіліктерді жою бойынша жоспарларымен бөлісіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

«Көріп отырғандарыңыздай, жұмыс тобы ауқымды, кешенді жұмыс атқарды. Анықталған бірқатар бұзушылық бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді. Қазір нақты бағыттар бойынша кемшіліктерді жою мақсатында жоспар әзірленіп жатыр. Олардың кейбірі терең жүйелік сипатта болады. Оларды шешу үшін, біріншіден, уақыт, екіншіден, қосымша қаржы қажет. Сондықтан бұл жұмысты  алдағы бірнеше жылда Өзенмұнайгазбен бірлесе отырып атқарамыз», — деп түйіндеді ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Д. Хасанов.

Другие новости

Back to top button