ГлавноеГосорганы

Өткен заманның қайраткерлеріне әділетті баға берілуі керек — Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент мемлекетіміздің жетістіктерін қаперден шығармай, үнемі айтып жүру керектігін айтты

Өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға берілуі керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде айтты, деп хабарлайды Ақорда.

«Біз қазір Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сондықтан өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беріп отыруымыз керек.

Азаттық жылнамасында Салық Зиманов, Серікболсын Әбділдин, Қаратай Тұрысов, Зинаида Федотова, Ерік Асанбаев, Әбіш Кекілбаев, Ғайрат Сапарғалиев, Сұлтан Сартаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Олжас Сүлейменов, Александр Княгинин, Мырзатай Жолдасбеков, Өмірбек Байгелді, Қуаныш Сұлтанов, Сергей Терещенко және тағы басқа көптеген тұлғаның есімін құрметпен атап өту керек», — деді Президент.

Мемлекет басшысы өз сөзінде елін сүйген ерлердің отаншылдығы және олардың ұлт мүддесіне адалдығы әрдайым кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс екенін атап өтті.

«Біз тарихи әділдік жолын берік ұстануымыз керек. Осы орайда тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи рөлін атап өткен жөн. Себебі ол еліміздің Тәуелсіз мемлекет атанып, тұғырын бекемдеуге орасан зор еңбек сіңірді.

Қазақта «Егемен елдің еңсесі биік» деген сөз бар. Азаттықпен бірге ұлттың рухы көтерілді. Халқымыз көптеген табысқа жетті. Тәуелсіздік жылдарын біздің халқымыз абыроймен жүріп өткен дара жол деуге болады. Осы кезеңде біз қуатты әрі жауапты мемлекет ретінде қалыптастық, елдігіміздің тұғырын нығайттық. Көк туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Көрші елдермен сындарлы келіссөз жүргізіп, шекарамызды біржола шегендедік. Соның арқасында шынайы достық шекарасы қалыптасты, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз еттік», — деді Қасым-ЖомартТоқаев.

Президент мемлекетіміздің жетістіктерін қаперден шығармай, үнемі айтып жүру керектігін айтты.

«Өйткені, оның бәрі – Қазақстанның шынайы егемендігінің жемісі. Сонымен бірге, әрине, қателіктер де болды. Оны ұмытпаған жөн. Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін одан қорытынды жасалуға тиіс», — деді Мемлекет басшысы.

Другие новости

Back to top button