«Өте қатал жаза»: Айқын Төлепберген Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты 15 тәулікке қамауға алғанына қатысты пікір білдірді
Танымал әнші Айқын Төлепберген кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың әкесіне қолдау білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айта кетейік, Қаржаубай Нұрымов “Бұзақылық” бабы бойынша сотталып, 15 тәулік әкімшілік жазаға тартылған еді.
“Шерзаттың әкесіне қылмыстық іс қозғалып, қамауға алыныпты. Менің ойымша, өте ауыр жаза. Баласын жоғалтты, одан кейін інісі кетті. Құрметті, сот мырза! Шерзаттың әкесінің орнына өзіңізді қойып көріңізші. Қандай қиын жағдай! Ағасы оқиғаны көзбен көрген куәгер еді. Пышақты әдейі алып жүгірген жоқ. Психологиялық эффект сипатындағы көрініс болды. Оданда түрмеге қамамай, психологиялық көмек берілу керек еді. Әпкесін елден қуып, жер аударады екен. Онсызда аз қазақ едік. Өзіміз жеткізе алмай жүргенде, сіздер сыртқа қуасыздар! Қазір, бүкіл ел қайғырып, жылап жатыр! Құрметті, құзыретті орган өкілдері! Істің ақ-қарасын ажыратып, әділ сот өткізіңіздер!”, – деді әнші.
Еске салсақ, кісі қолынан қаза болған жасөспірім Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етті. Газельдің үстіне шыққан Қаржаубай журналистер келмеген жағдайда өзіне қол жұмсайтынын мәлімдеді.
Бұған дейін Талғардың шетінен Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылғаны туралы жазған едік. Полицейлердің мәліметінше, 30 жастағы ер адам асылып, өз-өзіне қол жұмсаған.