Туркестанская область

Ордабасы ауданында жағдайы сын көтермейтін спорт кешенін әкімдік 210 миллионға сатып алған

Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Берген Исаханов ауылының тұрғындары елді мекендегі спорт кешенінің құрылысы көңіл көншітпейді деп шағымданды. Айтуларынша, нысан қажетімен жарақталмаған, ол аз десеңіз толық бітпеген. Соған қарамасатан кәсіпкер салған кешенді аудандық әкімдік 210 миллион теңгеге сатып алған деп отыр. Енді ауыл балалары қара суық ғимаратта жаттығуға мәжбүр. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар бөліміне сілтеме жасап хабарлайды.

Спорт кешенінің салынғанына 2 жыл болған. Бірақ толық бітірмеген ғимаратты кәсіпкер әрі сол кездегі мәслихат хатшысы мемлекеттің меншігіне өткізіпті. Тегін емес, әрине.

“Бұл ақырында 210 млн-ға сатылды және бітпеген. Мемлекет қалай қабылдағанын білмеймін, қабылдатып жіберіпті. Біздің балалардың қолында құжат та жоқ, ештеңе жоқ қазір. Ешқандай мәлімет жоқ. Бәрі жұмбақ күйде, жоғары жақпенен бітіп кетіп жатыр”, – дейді Берген Исаханов ауылының тұрғыны Рахманәлі Исмайлов.

Жаңа нысан деген аты болмаса, кешеннің іші қара суық. Себебі жылуға қосылмаған. Құбырлар ажыратылған, су айдайтын құрылғынының өзі жөндеуде жатыр, дейді қарауыл. Ал ғимараттың төбесіне шатыр қағылғанымен жылу ұстайтын термо бұйымдар төселмеген. Жуынатын бөлмесі де тиісті құралдармен жарақталмапты.

“Жуынатын бөлме ретінде берілген. Бұның төбесі де ашық. Крайник ештеңе қалдырылмаған. Бұны қолдан жасадық, осы ілгіштердің өзін өзіміз жасадық. Я жуынатын бөлме екенін, не шешінетін бөлме екенін білмей тұрмыз. Ешқандай жағдай жасалмаған”, – дейді Берген Исаханов ауылының тұрғыны Бақыт Қадыров.

Қазір балалар мұнда бокстан жаттығу жасап жатыр. Бірақ машықтанып жатқан жас өрендерге жұмсақ татами да берілмеген. Сондықтан күрес сабағын өту мүмкін болмай тұр. Ал, бапкерлер жаттығу құралдарын өз қаражатына сатып алуға мәжбүр.

“Бәріміз бірге осы жерде қол жинап, керек заттарды алдық. Груша, айна, көп жабдықтар, мына қолғап бар, өз қалтамыздан алынған”, – деп қосты жаттықтырушы Төлеби Мұсалы.

Аудандық атқамінерлер екі жыл бұрын мемлекет меншігіне өткен нысанды қалпына келтіріп, қажетін жуық арада қамтамасыз етеміз деп ант су ішкен.

“Бұл мәдениет үйі 2021 жылы жеке кәсіпкердің есебінен салынған. Содан мемлекеттік сатып алу заңы бойынша аудандық меншікке 210 млн-ға сатып алынған. Бір шетін жуынатын бөлме қылып істейтін болған. Татамиді осы айдың соңында жаңа татами ауданға алып жатырмыз. Тағы бір татамиіміз бар. Соны осы жерге төсейміз. Бәрі қарастырылған, тек кішкене уақыт талабы керек боп тұр”, – деп түсіндірді Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов.

Жергілікті халық сапасы сын көтермейтін нысанды аудан басшылығы балалардың игілігі үшін жасап берсе деген тілекте. Шенеуніктер уәдесінде тұрмаса, мәселені облыс әкімінің алдында көтеруге бел буып отыр.

Другие новости

Back to top button