Оралда ресейліктерді заңсыз тасымалдаған такси жүргізушілері жазаланады
Сондай-ақ пәтерін заңсыз бергендер де сотқа раттылып, айыппұл төлейді
Оралда ресейліктерді шекарадан заңсыз тасымалдаған такси жүргізушілері жазаланады. Көрші елден ағылып келіп жатқандарға пәтерін заңсыз бергендер де сотқа раттылып, айыппұл төлейді. Бұл туралы шекара мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында қадағалаушы органдардың өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Қазірдің өзінде 70-ке жуық оралдық тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға қатысты материалдар сотқа жіберілді. Оларға 15 АЕК, яғни 45 000 теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
Рейдтік іс-шаралар барысында салық төлемеген тәртіп бұзушылар да анықталды. Шетелдіктердің көптеп келуіне байланысты Оралда баспананы жалға алу бағасы екі есеге өскен. Ал такси бағасы он есеге қымбаттап кеткен.
«Жүргізген сауалнама нәтижесіне сүйенсек, көптеген тұрғын пәтерін туыстарына төлемсіз беретінін айтады. Жергілікті полиция қызметі, көші-қон полициясы, учаскелік полициямен бірлескен жұмысқа біз Пәтер иелері кооперативін, ОСИ-ді де тартамыз. Олар бізге нақты ақпарат береді, осы бағытта жұмыс жалғасып жатыр», — деді БҚО Мемлекеттік кіріс департаментінің басшысы Бауыржан Айнабеков.
Қазір бақылау-өткізу бекеттеріндегі жағдай тұрақталып, халық ағыны азайғаны хабарланды. Мемлекеттік органдардың мәліметінше, 10 күнде Батыс Қазақстан облысының шекарасынан Ресей Федерациясының 50 мың азаматы өткен.