Госорганы

Оқушы қыздарға егіледі: министр папиллома вирусына қарсы вакцина бедеулікке әкеп соқпайтынын айтты

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова антиваксерлердің адам папиллома вирусына қарсы вакцина бедеулікке әкеп соғады деген уәжін «миф» деп атады. Бұл туралы ол Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Azattyq Rýhy тілшісінің сұрағына берген жауабында айтты.

Министрдің айтуынша, жыл сайын елімізде жатыр мойны обырына шалдыққан 1800-1900 жаңа науқас тіркеледі. Негізінен олар жас әйелдер, 600-ге жуығы осы дерттен қайтыс болады. Сол себепті бүгінде әлемнің 130-дан астам мемлекеті бірнеше жылдан бері жатыр мойны обырының алдын алатын вакцинаны пайдаланады. Қазақстан да бұдан тыс қалған жоқ.

«Бірнеше жыл бұрын Қазақстан бұл жұмысты бастаған. Алайда сол кезде бірнеше себеппен, мүмкін ол кезде қоғам дайын болмаған шығар, түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігіне байланысты бұл бағдарлама тоқтап қалды», — деді Әлназарова.

Биыл күзде 11 жастағы оқушы қыздарға папиллома вирусына қарсы екпе егу қайта басталады. Айтуынша, он жыл бұрын жатыр мойны обырына қарсы вакцина алған қыздар арасында тиісті ғылыми зерттеулер жүргізілген.

«Сол жердегі көрсеткіштерге сүйенсек, 90 пайыздан астамында ешқандай аурушаңдық анықталған жоқ. Бөпелі болып, отбасын құрған, ол жағынан да асқынулар тіркелген жоқ», — деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.

Вакцинаға қарсылар екпенің арты бедеулікке әкеп соғатынын жиі алға тартады. Әлназарова мұны жай ғана миф деп атады.

«Бедеулікке алып келеді дегені ол миф. Біз мұны түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі деп білеміз. Сондықтан бүгінгі күні барлық медицина қызметкерін оқыту, ата-аналарға түсіндіру, қыздарға түсіндіру жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін жүргіземіз», — деді министр.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда оқушы қыздарды папиллома вирусына қарсы вакциналау алғаш рет бірнеше өңірде 2013 жылы басталған еді. Сол уақытта бұл пилоттық бағдарлама болатын. Алайда егу науқаны ұзаққа созылмады. Павлодарда екі қыз вакцинадан кейін есінен танып құлағаннан кейін, Денсаулық сақтау министрлігіне жан-жақтан қысым жасалып, ақыры бағдарлама жабылып тынды.

Айта кетері, папиллома вирусы негізінен адамнан адамға жыныстық жолмен жұғады.

Другие новости

Back to top button