Образование

Оқу-ағарту министрлігі жаңа жылдық шараларды мектептен тыс жерлерде өткізуге тыйым салды

Ведомство өкілдері мұндай шешімді балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесімен байланыстырып отыр

ҚР Оқу-ағарту министрлігі Жаңа жыл мерекесіне арналған шараларды мектептер мен балабақшалардан тыс жерлерде өткізбеуге нұсқау берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhyтілшісі.

Петропавлдақ ата-ана Еркегүл Есмағұлова министрліктің бұл шешімімен келіспейді. Ол әр маман өз ісімен айналысқан жөн деп санайды.

«Менің ойымша ертеңгілікті мектептен тыс жерде атап өтуге тыйым салу дұрыс емес. Мұғалімдердің жүктемесі көп. Тоқсан аяқталар шақта олар уақытын мерекелік шараны ұйымдастыруға жұмсауға жұмсауға мәжбүр болады. Мұндай шараны жылына бір рет театрларда өткізудің еш оғаштығы жоқ. Актерлер де дайындалады. Олар өз ісінің шебері. Бәрін жоғары деңгейде өткізетінін көріп жүрміз. Театрландырылған қойылымдар балалар үшін де қызықты болады. Ал мектепте Аяз ата, Ақшақардың рөлін ойнайтын адамдарды іздеу басталады. Театрларда болатын жаңа жылдық мерекелердің бағасы да қымбат емес», — дейді ол.

Ведомство өкілдері мұндай шешімді балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесімен байланыстырып отыр. Мамандардың айтуынша, тәрбиелік іс-шаралар мектеп қабырғасында өтуі шарт. Ал бұған қатысты ата-аналардың пікірі қақ жарылды.

«Мерекелік шараның мектеп ішінде өткені дұрыс деп ойлаймын. Оны ұйымдастыру барысын оқушылар мен мұғалімдердің қарым-қатынасына жақсы әсер етеді. Ұйымшылдыққа баулиды. Мектептегі шара қызықтырақ өтеді. Оқушылар өз өнерін көрсетуге мүмкіндік алса, мұғалімдер балаларды басқа қырынан таниды», — дейді Арайлым Әбілмәжінова.

Ал президенттік шырша пандемия кезіндегі ұзақ үзілістен кейін биыл алғаш рет офлайн форматта ұйымдастырылады.

«ҚР Оқу-ағарту министрлігі білім басқармаларына мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымдарында жаңа жыл мерекесіне арналған іс-шараларды тек балабақша және мектеп қабырғасында ғана өткізілуі қажет екендігі туралы хат және мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымдарында жаңа жыл мерекесіне арналған қауіпсіздік нұсқаулығын жолдады. Президенттік шыршаға қатысушылар үшін дәстүрлі сыйлық Қазақстан Республикасы Президентінің атынан балаларға сыйлық жиынтықтары болмақ. Жаңа жылдық шыршаға әр өңірде жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалар, ерекше білім беруді қажеттіліктері бар балалар, мүгедек балалар, сондай-ақ, елімізде жетістікке жеткен дарынды балалар қатысады. Биыл Президенттік шыршаға барлық өңірден 4000-нан астам бала қатысады деп жоспарланып отыр», — делінген Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі жолдаған жауапта.

Другие новости

Back to top button